Өткен ғасырда көптеген ұлтты туған жерінен шығарып, босқындықтың қамытын кигізген кеңестік идеологияның айдауымен корей ұлты да ит арқасы қияндағы Қиыр Шығыстан Ұлы Далаға мал вагондарына тиелген күйі жеткізілді. Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы жергілікті халықтың қамқорлығына алынғандардан басқалары Бастөбе жотасынан қазылған жертөлелерді қоныс етеді. Қақаған қыстың суығын көтере алмай қаза тапқандар сол төбенің етегіне жерленіп, қара жерді томпайтып қала берді.
Содан бері талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай пенде бақилық болды. Ел есінде қалғаны – айдаумен келген кәрістерге қолындағы барын бөліп беріп, қонысының бір бұрышына орналастырған қазақтың ақсақалды қариясы мен ақ жаулықты анасының мейірімі мен қамқорлығы. Сол бір ауыр жылдарда келер ұрпағының болашағы жарқын болуын тілеген ақ жүректі, ақ пейілді қарттардың батасы бүгінде қабыл болып, Қазақстан Республикасы бейбітшіліктің, тыныштықтың, ынтымақтың ордасына айналды. Еліміздегі татулық пен тұрақтылық әлемнің көптеген елдеріне үлгі болып, адамзаттық қасиет – өзгеге жақсылық жасау ұстанымы асқақтады. Соның арқасында ата-бабаларынан топырағын тануға аттанған көптеген ұлттар Қазақстанды мақтанышпен еске алып, сырттай тілеулестік танытады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды.
Айтулы күнге орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Бастөбе жотасының етегіне кәрістер орнатқан «Қазақ халқына мың тағзым» монументінде салтанатты жиын өткізіп, бақилық болғандардың рухын еске алып, гүл шоқтарын қойды. Митингіде кезекпен сөз алған Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, облыстық Қазақстан халқы Ассамлеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы Асылы Осман, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, Корей ардагерлер кеңесінің мүшесі Валентина Ин көпшілікті мерекемен құттықтап, Алғысын арнады.
– Құрметті қонақтар, қадірменді жерлестер, сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деген аудан әкімі Рауан Тұрданғазыұлы айтулы күннің маңызы зор екенін ұғындырып өтті. – Алғыс айту күні «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық-патриоттық идеясының Қазақстандық бірегейлік пен ел бірлігінің ортақ тарихы және ортақ тарихи сана негізіндегі ұлттық құндылықтарды бедерлейді. Бұл күн күрделі заманды иық тіресе еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан жолында аянбай тер төккен азаматтарымыздың бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Шара аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы Қаратал ауданының өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, мерейін өсірді.
М. ӘСЕТҰЛЫ





