Мал баққанға бітеді. Қалай дөп айтқан, ә?! Бабын білсең, байыбын түсінсең мал баққанның тал қармамайтынын көз көріп жүр. Нарық заманында «малшының баласы», «қойшының ұлы» дегенге ешкім мұрын шүйірмейді. Базар сөресіндегі ет бағасын көргендер тұяқты ұстағанның осалы жоғын аңғарады. Сөзді сөз қумасын, ой қусын. Дана қазақ төрт түлік төңірегінде көп ұлағат қалдырыпты.
Қазекем «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейді. Айтқандай-ақ, еті мен сүті дертке дауа, бейнеті мен зейнеті дәтке қуат қой өсіру байырғы кәсіп десек, сол байырғыны тұрмысына арқау еткен жұрттың тарығып жүргенін қазір көре қоймаймыз. Қала кезіп, бір емес, бірнеше жұмыс істегендерден қой баққандардың табысы көп, ырысы мол. Оған дәлел – ескелділік шопан Тылиқан Баймұхамет.
«Телқан» шаруа қожалығының иесі сонау 2006 жылы Қытайдан атажұртқа қоныс аударып келеді. Атакәсіпке жақындығы бар шаруа отбасын жанына ертіп жүріп жергілікті жердің төрт түлік ұстағандарына жалданып күнелтеді. Ақысына мал басын құрайды. Екі жылғы еңбектің түсімімен осы шаруашылықты құрады. Қазір Тылиқан ақсақалдың отарында 400 қой және 100 ешкі бар. Шаруаның бұл тірлігі «қайтсем күнім оңалар, қайғы-мұңым жоғалар» деп үлкен ойдың құшағында жатқан кей замандасқа үлгі. «Жеміс піссе екен, аузыма түссе екен» дейтіндерге өнеге. Жеміс – еңбек еткенге, маңдай терді төккенге беріледі. Тылиқан Баймұхаметтің айтуынша, нарық заманы – жалқаулық пен масылдықты ұнатпайды.
Кезінде біреудің малын баққан азамат бүгінде Ақын Сара ауылының 2 адамын жұмыспен қамтып отыр. Оларға ай сайын 200 мың теңгеден жалақы төлейді. Қысқа дайындық, сақпан кезінде Тылиқан ақсақал өз баласы мен бауырының баласын қасына ертіп, шопандарға жәрдемдеседі. Арыстанбек Бекен мен Нұрлыбек Тылиқан да әке кәсібінің жанашыры. Малды асылдандыруды да қолға алған осы екеуі. «Жас келсе іске» деген, 4 жыл бұрын Шымкенттен гиссар қошқарларын әкеліп, қолдағы «қоңырларды» будандастырды. Қазір сол нәтижелі істің жемісін көруде. Қой төлі іріленіп, етті және сүтті тұқымға айналды. Биыл немере бауырлар күйекке арашан тұқымды қошқарларды салуда. Мақсат – сапалы төлге қол жеткізу.
– Жастар – жаңашылдыққа бастайды ғой. Ағайындылар шаруа қожалықтың тың тынысын ашуды көздейді. Асыл тұқымды қой өсіруге ұмтылуда. «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса сақа ғой» деген бар. Бұлардың мақсатқа ұмтылуын қолдаймын. Қанатын қомдап, қолпаштап отырамын.
Қазір қойдан бөлек 10 бас сиыр мен 25 бас жылқы бар. Дейтұрғанмен, көп табысты қой мен ешкіден көріп отырмыз. Бір кемшіні, қой жүні кәдеге жарамайды. Қырқым кезінде төбе-төбе жүнді өртейміз. Ал, ешкінің түбітті тұқымын өсірудеміз. Оның қылшығы жоғары бағаланады, – дейді Тылиқан Баймұхамет.
Шаруа қожалығы жылына 200-300 бас қой етін өткізеді. Жақын маңайда мал сою орны болмаған соң тірідей Алматы қаласына жеткізіп, сол жерден сойып сатады. Айтпақшы, Арыстанбек Бекеннің айтуынша, биыл мал тұқымын асылдандырудың тағы бір жақсы көрсеткішіне қол жеткізіпті. Сақпан басталғалы қойлардың егіздеуі белең алған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, мұны шаруалар «Құтты һәм берекелі жыл» болады деп топшылауда. Лайым солай болғай. Қазірдің өзінде Тылиқан ақсақалдың отары 300 бас төлді қатарға қосыпты. Буаз қойлар да баршылық. Қожалық басшысының баласы Нұрлыбек биылға шамамен 450 қозы алатынын жоспарлап отырғанын жеткізді.
Екі сенімді көмекшісі бар Тылиқан Баймұхамет шаруаны кеңейтудің жолын да қарастырып отыр. Былтыр 15 гектар егістікке қол жеткізіпті. Оған қоса Арыстанбек Бекен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 95 қой, 6 бас жылқы алуға 8 млн. теңгеден астам төмен пайызды несиеге өтініш те берген. Онысы да мақұлданыпты. Жақын арада қаражатқа қол жеткізеді.
– Кез келген шаруа үшін үдеріс қажет. Онсыз өркендеу, өрістеу жоқ. Сол үшін мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалануды көздеп, төмен пайызды несие алмақпыз. Мақсатымыз – қарабайыр қой өсіргеннен етті және сүтті тұқымға қол жеткізу. Сол үшін ізденіп, жақсы мал тұқымын қосып, төл сапасын арттыруға тер төгіп жүрміз. Нәтиже әзірге қанағаттандырарлық, әлі де іздене түсеміз. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген. Асқар таудай әкеміздің ақыл-кеңесін тыңдап, шаруа қожалықты дамыта түсеміз, – дейді Арыстанбек.
«Телқан» шаруа қожалығы Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылдық округінде тіркелген. Бұл елді мекен де өрісі малға толып, ырысы тасыған ауылдар қатарынан. Бүгінде ақынсаралықтар 21 мың бас қой, 3800 бас сиыр мен 500 бас жылқыға иелік етеді.
Дастанбек САДЫҚ
Ескелді ауданы