Талдықорғандағы балабақшаларға ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізіледі. Бұл жоба мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Осы ретте Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде баспасөз мәслихаты өтті. Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков пен облыстық білім басқармасының өкілдері атлаған жүйе жөнінде мағлұмат берді.
Мектепке дейінгі білім беру – баланың тұлға ретінде қалыптасуындағы алғашқы және маңызды кезеңдердің бірі. Осыған байланысты Қазақстанда білім беру сапасын арттыру мақсатында түрлі реформалар мен жобалар енгізілуде. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі балабақшаларға алғаш рет пилоттық режимде енгізіліп отыр. Басты мақсаты – ата-аналарға өз баласына балабақша таңдауда еркіндік беру және жеке ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттыру арқылы қызмет сапасын жақсарту.
– Бүгінгі таңда баланы уақтылы балабақшаға беру мәселесі бар. Кезек мәселесі министірлікпен, жергілікті атқарушы органдармен кеңесіліп толық қанды цифрландыруға ауыстырылды. Қала бойынша кезекте 2692 бала тұр. Жалпы Талдықорғанда 72 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 16-ы мемлекеттік, 48-і жекеменшік, 8-і мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар. Енгізіліп отырған жаңа жоба жемқорлықтың да алдын алады, – дейді Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.
Жаңа жүйе қаржы және виртуалды екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ваучерлер арқылы ата-аналарға таңдау еркіндігі беріледі. Ал балабақшалар сапалы қызмет көрсетуге ұмтылады. Пилоттық жоба еліміздің әр аймағында сынақ ретінде енгізіліп, болашақта бүкіл елге таратылуы мүмкін. Бұл – мектепке дейінгі білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған тиімді қадам болмақ.
– Қаржы ваучері – бұл мемлекет тарапынан ата-аналарға берілетін шартты сертификат, ол арқылы ата-ана өз баласын қалаған балабақшаға орналастыра алады. Бұл ваучер нақты ақшалай берілмейді, тек таңдалған балабақшаға мемлекеттік бюджеттен төлем жасауға мүмкіндік береді. Виртуалды ваучер – бұл қаржыландырудың цифрлық түрі, яғни ата-ана немесе қамқоршы электрондық жүйе арқылы өтініш беріп, баласына ваучер тағайындатады. Бұл ваучер цифрлық форматта сақталады және онлайн тіркеу мен орын алу процесін жеңілдетеді, – дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Жұлдыз Мырзаханова.
Айта кетейік, осыған дейін облыстық білім басқармасының экономика және мектепке дейінгі білім беру бөлімдерінің басшылары ваучерлік қаржыландыруды енгізудің әдістемесі бойынша Шымкент, Тараз қалаларында тәжірибе алмасқан болатын.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: Дмитрий ЕРОФЕЕВ