Талдықорған қаласының «Қаблиса жырау 215» мекенжайындағы балалар ойын алаңы бүгінде тұрғындардың қауіп пен ренішке толы наразылығына себеп болып отыр. 7 миллион теңгеге салынған бұл нысан қыс басталғанда ғана пайдалануға берілгенімен, арада бірнеше ай өтпей жатып қайта жөндеуді талап етіп тұр. Тозығы жеткен сәкілер, қисайған қоршау, істен шыққан жарық шамдары мен сапасыз әткеншектер осы аумақтың көрінісі.
Тұрғындардың айтуынша, балаларға арналуы тиіс бұл алаңқай мердігерлердің «ойыншығына» айналған. Тапсырысты берген «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы». Ал жобаны алғашында қолға алған мердігердің жауапсыз әрекеті сотқа дейін жеткен. Соның салдарынан жұмысты «Арыстан» ЖШС жалғастырған. Алайда екінші мердігердің келуімен де жағдай түзелмеген.
– Балалардың әткеншектерінің астындағы бұрандалар бос тұр. Көзге ұрып тұрады. Бір күні бала жарақат алмаса болғаны. Қазірдің өзінде қоқыс жәшігінің ішіндегі темір шелегі жоқ, ішін қалдық басып, шіріп жатыр. Ал орындықтарға келсек, мал қораның тақтайынан жасалғандай. Мүлде отыруға жарамсыз, – дейді жергілікті тұрғын Жанат Оразбекова.
Оның пікірінше, бұл алаң балалар үшін емес, есеп үшін салынған. Жоба игерілгенімен, нәтиже – көзбояушылық.
– Мердігер ауысты, уәде көп, бірақ сапа жоқ. Ойын алаңында жарық шамы атымен жоқ. Кеш түсе баламызды көрмей қаламыз. Тепе-теңдігін сақтай алмай сүрінген үлкен кісілер де бар. Бұл жағдайдың барлығы қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын көрсетеді, – дейді тағы бір тұрғын Бақыт Галиева.
Алаңның бүгінгі күйіне жауапты «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мекемесінің өкілі Рамиль Рахимбаев тұрғындардың шағымын мойындап отыр.
– Қазір жұмысшыларға тиісті тапсырмалар берілді. Жанып кеткен жарық шамдарына тапсырыс бердік. Орнатамыз. Қалған мәселелер де кезең-кезеңімен шешіледі, – дейді ол.
Бірақ, ең қызығы жұмысқа жауапты «Арыстан» ЖШС жетекшісі Роберт есімді азамат тұрғындар көтерген кемшіліктерге жауап беруден бас тартып отыр.
– Қоршауға, қоқыс жәшігіне және орындықтарға біздің қатысымыз жоқ. Ол алдыңғы мердігердің жұмысы. Біз тек сырғанақ, әткеншек, тартан және резеңке төсеніш орнаттық, – дейді ол.
Алайда, орнаттық деген сырғанақ ағашының өзі қазір жарылып кеткен. Ал осыған жауапты мердігер оны өндіруші «Жетісу Құрылыс» компаниясына сілтеуде. Өндірістік кәсіпорын өкілі Бекжан Нұрғабылов болса:
Біз жарылған сырғанақ ағашына жауапты болғандықтан, өзімізге тиісті жұмысқа кепілдеме береміз. Алдағы уақытта жөндейтін боламыз, – дейді.
Бұл жағдай еліміздегі бір ғана ауланың мысалы емес. Мемлекеттік қаражатқа салынатын нысандардың сапасыз әрі немқұрайлы атқарылуы, ел ішіндегі жиі қайталанатын мәселе. Балалардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылық екінші орынға ысырылып, мердігерлер мен тапсырыс берушілер арасындағы «жауапкершілік ойындары» жалғасып жатқандай.
Мемлекет тарапынан бөлінген әр теңге баланың амандығы мен болашағына бағытталуы тиіс. Ал бұл ойын алаңы қадағалау мен бақылаудың әлсіздігін көрсетіп тұрған ащы шындықтың бір көрінісі.
7 миллион теңгеге салынған бұл алаң Талдықорғандағы мемлекеттік тапсырыстардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, бақылаудың жоқ екенін және салғырттықтың салдарын ашып бергендей. Ал шынайы сұрақ: бұл қаржы қалай жұмсалды? Жауапсыз мердігерлерге неге жаза қолданылмайды? Оған жауапты кімдер?
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





