Медицина қызметкерлері күні қарсаңында 5514 әскери бөлімінде маңызды әрі абыройлы қызмет атқарып жүрген аға санитарлық нұсқаушы, аға сержант Шаяхметова Гаухар Жұматайқызы ұжым тарапынан ерекше ілтипатқа ие болды.
Гаухар Жұматайқызы денсаулық сақтау саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 2002 жылдан бері 5514 әскери бөлімінде үздіксіз қызмет атқарып жүрген ол – кәсібіне адал, міндетіне жауапты, адамгершілік қасиеттері жоғары маман. Осы жылдар ішінде ол өз ісінің шебері ретінде әріптестері мен командирлерінің сеніміне ие болды.
Аға сержанттың күнделікті жұмысы – сарбаздар мен әскери қызметшілердің денсаулығын бақылау, алғашқы медициналық көмек көрсету, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қадағалау және алдын алу шараларын ұйымдастырумен тығыз байланысты. Әсіресе пандемия кезінде ол өз ісіне деген шынайы адалдық пен жанқиярлық таныта білді.
– Медицина – бұл жай мамандық емес, бұл – жүректің таңдауы. Әр сарбаз – біздің аманатымыз, – дейді Шаяхметова Гаухар Жұматайқызы.
Қызметпен қатар отбасы тірлігін де тең ұстаған Гаухар ханым – әскери салада еңбек етіп жүрген жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отырған ардақты ана.
5514 әскери бөлімінің жеке құрамы аға сержант Шаяхметова Гаухар Жұматайқызын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, сарбаздар мен офицерлердің игілігі жолындағы адал қызметі үшін алғыс білдіреді.
«Жетісу-Ақпарат»





