Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнаулы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсетілетін ұйымдарда қызмет алушылардың табиғи тамақтану нормаларының тізбесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жоспарланған өзгерістер заманауи ғылыми ұсынымдар мен тағамтану саласындағы зерттеулерге сүйене отырып әзірленген. Жоба Қазақстан тағамтану академиясымен бірлесіп дайындалған және АӘҚ сапасын арттыруға, сондай-ақ қызмет алушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған.
Министрліктің мәліметінше, жаңартылған тізімде тағамдық құндылығы жоғары, витаминдер мен минералдарға бай өнімдерге басымдық беріледі. Бұл қадам әлеуметтік қызмет алушылардың теңгерімді және сапалы тағаммен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасы 2025 жылғы 11 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған. Барлық мүдделі азаматтар «Ашық НҚА» интернет-порталы арқылы өз пікірін білдіре алады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі





