Қазақстанның кеден заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) талаптары денсаулық пен экологияға қауіпті тауарлардың елге әкелінуін қатаң шектейді. Осындай өнімдердің қатарына қолданылған автокөлік шиналары да кіреді. Бұл тауар түрі ТН СЭҚ коды 4012 бойынша арнайы рұқсат болған жағдайда ғана әкеліне алады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алайда Бас көлік прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижелері кейбір сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің бұл талаптарды айналып өтіп, қолданылған шиналарды дөңгелек дискілерімен бірге әкеліп жатқанын анықтаған.
Мәселен, 2025 жылдың сәуір-маусым айларында бір өңірде 1,5 мың тоннаға жуық қолданылған шиналар заңсыз өткізілген. Бұл кезеңде 159 заңбұзушылық фактісі тіркелген. Тағы бір өңірде өткен жылдары 200 тоннадан астам осындай өнімнің заңсыз әкелінгені белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, қолданылған автокөлік шиналары қауіпті қалдықтар санатына жатады. Оларды пайдалану:
-
жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіреді,
-
қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Бас көлік прокуратурасы экологиялық қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау мақсатында мұндай әрекеттерге қатаң бақылау жүргізу қажет екенін ескертеді.





