Қазақстанда жанар-жағармай бағасы тағы көтерілуі ықтимал. Үкімет өкілдері мен сарапшылар күзге қарай баға өсуінің жалғасатынын жоққа шығармай отыр. Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Ең арзан бензин – Атырауда
Қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің ең төменгі бағасы еліміздің батысы мен оңтүстігінде байқалады. Атырауда – литрі 204 теңге, Шымкент пен Ақтөбеде – 207-210 теңге аралығында. Ал елордада бұл көрсеткіш 222 теңгеге дейін жеткен.
Дизель отыны да қымбаттап жатыр. Алматы, Шымкент және Астанада оның бағасы литріне 315-319 теңге аралығында сатылуда. Жанармайға мемлекеттік реттеу алынып тасталғалы бері 92 маркалы бензин 17 теңгеге қымбаттаған.
Баға қымбаттауы тұтынушыларды қыспаққа алды
Ұлттық статистика бюросы жанармай құнының өсуі күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызмет бағасына қалай әсер етіп жатқанын анық есептеп бере алмай отыр. Дегенмен, сюжет барысында такси қызметі мен азық-түлік бағасының күрт өсуі халыққа салмақ түсіріп жатқаны атап өтілді.
Бюроның ресми мәліметі бойынша, 2025 жылдың алғашқы жеті айында инфляция деңгейі 7,7%-ды құрады.
-
Ақылы қызмет көрсету бағасы – 9,2%
-
Такси – 11,1%
-
Азық-түлік тауарлары – 8,4%
-
Картоп – 39,7%
-
Жаңа піскен жемістер – 22,1%
-
Ет – 11,9%
-
Азық-түлік емес тауарлар – 5,3%
-
Сұйытылған газ – 14,5%
-
Дизель – 5,9%
-
Бензин – 4,9%
«Бұл – әлі де шынайы нарықтық баға емес»
Мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қазіргі бағаның әлі де нарықтағы шынайы құннан төмен екенін айтады.
«92 маркалы бензиннің өзіндік құны – шамамен 60 цент немесе 320-350 теңге. Қазір байқалып отырған қымбаттау – нақты нарыққа бейімделудің бастамасы ғана», – деді сарапшы.
Күзде тапшылық болуы мүмкін
Энергетика министрлігі күзде жанармай тапшылығы орын алуы ықтимал екенін мәлімдеді. Себебі – ресейлік рубльдің нығаюы мен Қазақстан бензинінің көрші елдерге көлеңкелі жолмен тасымалдануы. Бұл жағдай жанармайдың заңды және заңсыз жолмен сыртқа кетуіне себеп болып отыр.
«Көрші елдермен салыстырғанда бізде жанармай едәуір арзан. Осы себепті жанармай шекара асып, елімізде тапшылық туғызуы мүмкін. Үкімет бағаны біртіндеп нарыққа сай деңгейге жеткізу арқылы бұл мәселеге тосқауыл қоюды көздеп отыр», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Салыстырмалы баға
-
Қазақстан – 204-222 теңге (АИ-92)
-
Ресей – шамамен 400 теңге
-
Қырғызстан – 460 теңге
-
Өзбекстан – 485 теңге
Мұнай өңдеу зауыты кеңейтіледі
Жанармай тапшылығын болдырмау үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жоспарланып отыр. Кәсіпорынның екінші кезеңі іске қосылған соң, өңдеу көлемі жылына 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар, ЕАЭО елдерімен шекарадағы бақылау күшейіп, мұнай өнімдерін заңсыз экспорттау әрекеттерінің жолы кесілуде. Энергетика министрлігінің дерегінше, бұл қадамдар ішкі нарықта жанармай қорын арттыруға мүмкіндік берген.





