Салтанатты жиында сөз алған Бейбіт Өксікбайұлы:
– Тұтас қаланың көріктенуі, тұрғын үй мен әлеуметтік сала нысандарының құрылысы сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бой көтерді. Қаланы көркейтуде ерекше рөл атқарып, аянбай қызмет істеп жүрген әр құрылысшының еңбегі зор. Олар зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер тұрғызып, жолдар салып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысып жүрген жандар. Кез келген елдің экономикалық қуаты, халықтың әл-ауқаты құрылыс секторының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан біз құрылыс саласына ерекше назар аударып отырмыз, – деп өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ізгі тілегін білдірді.
Облыс әкімінің айтуынша, 6 айдың қорытындысы бойынша аймақтағы құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3 есеге ұлғайыпты. Құрылыс алаңдарында жобалаушы, сәулетші, сылақшы, инженер сынды кәсіби мамандардың еңбегі бір арнаға тоғысып 317 нысан құрылысы жүргізіліп, 267 нысан ел игілігіне ұсынылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста Ұлттық жоба аясында Панфилов ауданы, Жаркент қаласынан 1200 орынды мектеп былтыр пайдалануға берілсе, биыл Алакөл ауданы, Достық ауылынан жаңа білім ошағы есігін ашпақ. Шалғайдағы елді мекендерді сапалы медицинамен қамтамасыз ету мақсатында 8 ауданда 59 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде. Оның 15 нысаны өткен жылы ел игілігіне берілсе, 44 нысан биыл іске қосылады.
Осыдан кейін облыс әкімі құрылыс саласының майталмандарына «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Алғыс хат табыстады.
Атап айтсақ, «Жетісу ЖилСтрой» ЖШС-нің директоры Азиз Есмаханов, «Темірқазық-стройпроект» ЖШС директоры Кенжебай Құсайынов «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. «Жаркент Алғыр» ЖШС краншысы Дидар Сұлтан, «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС бригадирі Біржан Нұрғабыл ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін кеудесіне қадады. «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС бригадирі Ерболат Сырлыбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, қажырлы еңбек иелеріне ҚР Премьер-Министрінің, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «ҚР Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан «Құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді.
Шара барысында «Жетісу ЖилСтрой» ЖШС-нің директоры Азиз Есмаханов:
– Құрылыс саласында 2000-шы жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Осы уақытқа дейін 100 мың шаршы метр құрылыс жұмысын жүргіздік. Атап айтсам, Талдықорған қаласында «Бірлік», «Самал», «Құлагер», «Шығыс», «Жастар – 3» шағын- аудандарында әлеуметтік баспаналар салдық, – дей келе әріптестерін төл мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Айдар ҚАЛИЕВ





