Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағы арқылы заңсыз тасымалданбақ болған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесі анықталды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған жүк Қазақстандағы құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты уақытша шектеу талабын бұзған.
Атап айтқанда, ел аумағына кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген құс еті өнімдерін әкелуге тыйым салынған. Бұған қоса, тірі құс, инкубациялық жұмыртқа, мамық пен қауырсын, құсқа арналған жем мен қоспалар және пайдаланылған құс өңдеу жабдықтарын тасымалдауға да уақытша шектеулер қолданылады.
Нәтижесінде жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Заңсыз өнімнің толық партиясы Қытайға кері қайтарылды.
Ведомство өкілдері сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының ветеринариялық-санитариялық талаптары мен шектеулерін қатаң сақтауды ескертеді.
«Жетісу-Ақпарат»





