Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, биылғы жылы жалпы облыс орталығындағы 70 шақырымнан астам жол ретке келтірілмек. Мұнда шаһардағы Құлагер, Бірлік шағын ауданына, Жастар-1 және Солтүстік-Батыс тұрғын үй алабына 53,9 шақырым болатын жаңа жол құрылысы жүргізілмек. Осылайша аймақтағы жаңадан бой түзеп келе жатқан аудандарда 107 көше салынбақ. Сонымен бірге, 21 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұған қоса 28 шақырымға жуық 28 көшге орташа жөндеу жоспарланса, 17450 шаршы метр жолға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы орайда Өтенай ауылы бойынша Бейбітшілік, Шайқорған, Жамбыл және Жетісу көшелеріндегі 4 шақырым жолға асфальт төселіп, аумағы абаттандырылмақ. Өткен жылы аталған ауылдағы 7 көшеге асфальт төселіп, 6 шақырым жол ретке келтірілген.
– Қазір өңірлерді дамыту бағытында алдымен инфрақұрылымдарды жақсарту тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі. Осыған байланысты бүгінде облыс орталығында қаланың ішкі жолдарын ретке келту ісі қарқынды. Нақтырақ айтқанда 2027 жылға дейін Талдықорғанда 100 шақырымнан астам жол жөнделмек. Мұнда бұрынғы жылдармен салыстырғанда жаңа жол салу, күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарының көлемі екі есеге жуық жоғары», –дейді сала мамандары .
Еске сала кетейік, 15 мыңнан астам тұрғыны бар Өтенай ауылына Еңбек, Мойнақ, Ынтымақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар-1, Жастар-2, Жастар-3 сынды бірнеше елді мекен қарайды. Бүгінде ауылда жолдар жөнделіп, ескі нысандарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, кейінгі жылдары Өтенай, Еңбек ауылдарының 8 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мойнақ ауылының 3 көшесіне қиыршық тас төселсе, осы орайда 3 ауылдағы 16 көшеге жарық шамдар орнатылған. Ауылдарды абаттандыру жұмыстары аясында Өтенайда жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын аллея құрылысы басталып, Ынтымақ және Жастар-1 тұрғын үй алабында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша балалар ойын алаңдары салынып қолданысқа берілген.
Айдын КӘЛІМХАН





