Жетісу облысының Полиция департаментіне өңір тұрғыны Мунар Кәлібекова патрульдік полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірген хатын жолдады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның айтуынша, 9 тамыз күні шамамен сағат 22:00-де отбасы Көктал мен Талдықорған арасындағы жолда қиын жағдайға тап болған. Автокөлік кенеттен істен шығып, байланыс болмай қалған, ал айналаны қараңғылық басқан.
Осы сәтте патрульдік полицияның екі қызметкері көмекке келіп, жан-жақты қолдау көрсеткен: қажетті қызметтермен байланысуға көмектескен, өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатқан және эвакуация қызметі келгенге дейін қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Кәлібекованың айтуынша, отбасы көрсетілген көмекті жоғары бағалап, алғыс айтқанымен, тәртіп сақшылары тек жымиып, патрульдеуін жалғастырған.
Полиция департаменті өз қызметкерлерінің кәсібилігі мен адамгершілік танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, азаматтарға полицияға артқан сенімі мен жылы лебіздері үшін алғыс айтты.





