Сала жауаптыларының сөзінше, 2024-2025 оқу жылында Талдықорған қаласы бойынша 3720 бүлдіршін алғаш мектеп табалдырығын аттап, жалпы 35 мыңнан астам оқушы білім алса, оның 1446-сы мектеп бітірген. Соның ішінде 31 оқушы «Алтын белгі», 68 түлек үздік аттестат иегері атанған. Ал биылғы мектеп бітіруші түлектердің таңдауы түрлі бағыттарды қамтыған. Олардың бір бөлігі педагогикалық және медициналық мамандықтарды таңдаса, өзгелері техникалық, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша жоғары білім алуды мақсат еткен.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың тамыз айында Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы университетке облыс әкімінің қолдауымен қосымша 100 грант бөлінген. Оның ішінде 40 грант жалпы конкурс аясында, 60 грант жергілікті бюджет есебінен берілуде.
Еске сала кетейік, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу мамыр айының 16 мен 7 шілде аралығында өткен еді. Осы орайда талдықорғандық түлектер де ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізіп, алған білімін ақтай білген.
Айдын КӘЛІМХАН





