Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз кеңесінде мұғалімдердің құқықтарын қорғауға қатысты берген тапсырмасына пікір білдірді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы .
Дәстүрлі Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы педагогтерді өздеріне тән емес жұмыстардан босату және олардың құқықтарын қорғау нормаларының бұзылуына жол бермеуді тапсырған болатын. Бұл тапсырма 2019 жылдан бері қолданыстағы заңға сәйкес жергілікті билік орындарына бағытталды.
Асхат Аймағамбетов аймақтарда кездесетін өрескел заңбұзушылықтарды мысалға келтірді. Мәселен, жазда мұғалімдерді су қоймаларының қасында кезекшілікке қою, мектеп бітіру кештері өткен мейрамханаларда кезекшілікке шығару немесе қалалық шыршаларды безендіруге жіберу секілді жағдайлар заңға қайшы екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, мектеп пен ата-ана арасындағы жауапкершілік шекарасы нақты ажыратылуы тиіс. Арнайы заңда әр тараптың құқықтары мен міндеттері шарт арқылы бекітілетіні жазылғанымен, барлық мектеп бұл тетікті тиімді пайдаланып отырған жоқ. Соның салдарынан, сабақтан тыс уақытта болған құқықбұзушылықтар үшін мұғалімдер мен директорлар әділетсіз жазаланады.
«Мектеп тек өз құзыретіне кіретін мәселелерге жауап беруі керек. Педагог өзіне қатысы жоқ оқиғалар үшін жауап бермеуі тиіс. Бұл – әділет, мотивация және мұғалім беделін сақтау мәселесі. Президенттің тапсырмасынан кейін мұғалім құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі түзетулер қабылданатынына сенімдімін», – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Президент балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз деп санайды.





