Талдықорған жоғары политехникалық колледжі еңбек нарығының қазіргі талаптарына жауап беретін заманауи білім беру бағдарламаларын қарқынды түрде енгізіп келеді. Осы ретте оқу орны биылғы жылдың қыркүйегінен бастап дрон операторы мамандарын даярлайды.
Дрон операторы мамандарына бүгінде сұраныс жоғары. Политехникалық колледж осы сала бойынша елімізде лицензия алған алғашқы білім ордасы. Арнайы жабдықталған тәжірибелік-өндірістік алаңда студенттер ең алдымен пилотсыз ұшу аппараттарын бөлшектеп жинауды және қосымша функцияларды орнатуды үйренеді.
Білім ошағындағы дайын дрондарға GPS модульдері, жылу камералары, іздеу жүйелері және өзге де заманауи құрылғылар орнатылады. Бұл аппараттар ауыл шаруашылығында егістіктерді бақылау, зиянкестерден қорғау және егінді өңдеу үшін қажет. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар қызметінде іздестіру-құтқару, өрттің алдын алу жұмыстарында да кеңінен қолданылады.
– Бұған дейін елімізде бірнеше дрон құрастырылған болатын. Біз Қытайдың тәжірибесін зерделеп, оқытушыларымызды сол елдің бағдарламасы мен оқу жүйесіне сай даярлап, дағдыларын жетілдірдік. Кейін Қазақстан нарығындағы сұранысты ескере отырып, отандық компаниялардың тәжірибесін жинақтадық. Күзден бастап 50 студент осы мамандық бойынша білім ала алады, – дейді Талдықорған политехникалық колледжінің директоры Шыңғыс Нұрғожаев.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – еліміздегі беделді оқу орындарының бірі. 1935 жылы құрылған білім ордасында бүгінде 1576 студент білім алып, 159 жоғары білікті оқытушы қызмет атқарады. Колледж 44 білім беру бағдарламасын іске асырып, түлектердің 70%-ын мамандығы бойынша жұмысқа орналастырып отыр.
Жаңа бастамалар колледждің өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы көшбасшы рөлін нығайтып, студенттерге еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие заманауи мамандықтарды меңгеруге кең мүмкіндік береді.
Медет ЖҰМАБАЙ





