Былтыр диқандар 23 мың гектардан аса алқапқа жүгерінің әртүрлі сұрпын өсіріп, 168,6 мың тоннаға жуық өнім жинады. Өкінішке қарай, сатып алушының табылмауына және бағаның төмендігіне байланысты біраз жүгері қоймалар мен қырмандарда сақталды. Нарықтағы жүгері дәнінің құнсыздануына байланысты биыл «дала аруының» егіс көлемі біраз төмендеуі мүмкін.
Өңірде биыл жалпы егіс көлемін 44,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Оның 23831 гектарына дәнді дақылдар өсіріліп, 23426 гектарына жүгері, 195 гектар бидай, 126 гектар арпа тұқымдары егіледі. Бұдан басқа 84 гектар майлы дақылдар, 3 гектар тұқымдық қант қызылшасы, 154 гектар картоп, 715 гектар көкөніс-бақша дақылдары, 18654 гектарға көпжылдық шөп өсірілмек. Арпа, бидай егу жұмыстары сәуір айының ортасында басталады.
Жүгері егуге қажет тұқым қорының 550 тоннасы әзірленді. Көктемгі науқанға 231 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Белгіленген кесте бойынша оның 100 тоннасы сәуір айында, 131 тоннасы мамыр айында әкелінеді. Шаруашылықтарға көктемгі егіске жалпы 1800 тонна жанармай қажет. Жүгері егістігінің көлемін игеру техникаға тәуелді. Сол себепті қожалықтар табысының басым бөлігін техникалар сатып алуға жұмсайды. Биыл шаруашылық иелері алғашқы тоқсанда 7 техника сатып алды. Көктемгі егіске барлығы 1273 техника қатысады.
Егіннен мол өнім алу үшін 14 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш қажет. Ақтау қаласындағы «Қаз- Азот», Тараз қаласындағы «Қазфосфат» кәсіпорындарымен келісімшарт жасалып, 10100 тонна минералды тыңайтқыш жеткізіліп, шаруаларға таратылуда. Одан басқа, 50 мың тоннаға жуық органикалық тыңайтқыш егістік алқаптарына тасымалданды. Аудан бойынша 2 мың гектарға жуық егістік алқабына жаңа технология пайдаланылуда. Мәселен, «Көктал-Агро» ЖШС 603 гектар егістікті тамшылатып, 400 гектар көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суарады.
2023 жылдан бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 гектар көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. Сол сияқты, бұл әдісті «ОТ Агрохолдинг» ЖШС 250 гектар егістік алқабына қолдануда. Өткен жылдан бері «Айсұлтан» ШҚ 50, «Нұрқайрат» ШҚ 40, «Айгерім» ЖШҚ 55, «Илиманов» ШҚ 30 гектар егістігін тамшылатып суаруға көшсе, «Аширов.Г» ЖШҚ 140, «Беширов Ю» ШҚ 50 гектар алқабын жаңбырлатып суарып, жазда туындайтын мәселелерді оңтайландырып отыр.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы
Фото: Жұмабай МҰСАБЕКОВ





