Көпқабатты тұрғын үйлерде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және төтенше жағдай туындаған сәтте сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдау әрбір азаматтың өмірін сақтап қалуға тікелей әсер етеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісінде түтін байқалған жағдайда сабыр сақтап, нақты әрекет ету аса маңызды. Қате қабылданған шешім адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ең бастысы – үрейге бой алдырмай, түтін басқан аумақ арқылы өздігінен шығуға әрекет жасамау қажет. Кіреберіс есікті ашпас бұрын оның қызып кетпегенін мұқият тексерген жөн. Егер есік ыстық болса немесе саңылауларынан түтін кіріп жатса, оны ашуға мүлде болмайды. Түтін арасымен өтуге тырыспай, дереу пәтерде қалу қажет.
Кіреберіс есікті мықтап жауып, түтіннің ішке енуін азайту үшін саңылауларды дымқыл матамен тығыздап бекіту керек. Сондай-ақ пәтердегі терезелер мен бөлме есіктерін толық жауып, оттың немесе түтіннің таралуын шектеу маңызды. Мүмкіндігінше кіреберістен алыс орналасқан бөлмеге өтіп, жағдай туралы дереу 112 нөміріне хабарласу қажет. Диспетчерге нақты мекенжайды, кіреберіс пен пәтер нөмірін, қабатты айту керек. Егер пәтерде балалар, қарттар немесе көмекке мұқтаж адамдар болса, бұл туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Құтқарушылар келгенше терезе немесе балкон арқылы белгі беріп, пәтерден өздігінен шығуға ұмтылмаған жөн. Лифтіні пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Түтін мен жану кезінде бөлінетін улы заттар ауыр улануға әкеліп, адам өміріне елеулі қауіп төндіреді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін мұлтіксіз сақтау – қауіпсіздіктің басты кепілі. Тұрғындардың ақпараттандырылуы мен төтенше жағдайда сауатты әрекет етуі қайғылы оқиғалардың алдын алады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!





