Қазіргі қоғамда ақпараттың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір ғана жаңалық бірнеше минут ішінде миллиондаған адамға жетіп, қоғамдық пікірге ықпал етеді. Ақпарат кімнің қолында болса, ықпал да соның қолында деген түсінік бүгінгі заманда айқын сезіледі. Қазақстанда да бұл құбылыс күн сайын күшейіп отыр, әлеуметтік желілердің жеделдігі қоғамды ақпарат тасқынына белшесінен батырды. Бірақ жылдамдық шынайылықтың кепілі емес. Жалған немесе бұрмаланған дерек сенімді ақпардан бұрын тарап, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіруде.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 78 пайызы ақпаратты алдымен әлеуметтік желілерден алады. Бұл көрсеткіш дәстүрлі БАҚ-тың ықпалынан әлдеқайда жоғары екенін дәлелдейді. Әлемдік зерттеулер де осыны растайды. Reuters Institute-тің есебі бойынша, интернет пен әлеуметтік желілер бүгінде әлем халқының 65 пайызынан астамы үшін басты ақпарат көзіне айналған. Демек, бұл тек Қазақстанға ғана емес, жаһандық деңгейде өзекті мәселе. Бірақ басты айырмашылық – біздің елде ақпаратқа деген сын көзқарас әлі толық қалыптасқан жоқ.
Мәселенің түйіні әлеуметтік желілердегі деректердің басым бөлігі тексерілмей тарайтынында. Жаңалықты бірінші жеткізуге ұмтылу сапаны ығыстырып, сенсация мен эмоцияға басымдық береді. Қоғамдағы дүрбелеңнің көбі дәл осы расталмаған ақпараттың салдары болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ақпараттың ықпалы қазір экономика мен саясаттағы кез келген шешіммен тең дәрежеде әсер етуде. Халық эмоцияға беріліп, терең талдау жасамай қабылдаған ақпарат күнделікті өмірге де, ұлттық қауіпсіздікке де ықпал етуі мүмкін.
Қазақстан бұл қауіпті өз тәжірибесінде бастан өткерді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік желілерде тараған расталмаған мәліметтер халықтың алаңын күшейтіп, жағдайды ушықтырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде-ақ жалған ақпараттың қоғамға тигізер зиянын ашық айтып, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырған еді. Бұл мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін де сабақ болды. Ақпаратты сүзгіден өткізіп, тек ресми әрі сенімді дерекке жүгіну бүгінгі күннің ең басты талабы болып есептеледі.
Осындай жағдайда қоғам тек ресми әрі сенімді дереккөзге сүйенуі тиіс екені айқын. Алайда ақпарат тасқынын бақылау тек мемлекет деңгейіндегі шаралармен ғана шектелмейді. Әрбір азаматтың да өз жауапкершілігі бар. Жалған деректі ажырата білу, жаңалықты сын көзбен қабылдау – қазіргі замандағы ең қажетті дағдылардың бірі. Мұндай ортада медиасауаттылықтың маңызы арта түсуде. Әлеуметтанушылар мен психологтар бақылаусыз ақпарат ағымының адамдардың сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, күйзеліске итермелейтінін атап өтеді. Психолог Қарлығаш Абзалханқызының айтуынша, бұл құбылыс адамның психикасына тікелей әсер етіп, қоғамда тұрақсыз көңіл-күй қалыптастыруы мүмкін.

«Жалпы психологиялық тұрғыдан алғанда, қарапайым ойлы адамдардың назарын көбіне сенсацияға толы немесе қорқынышты жаңалықтар аударады. Сондықтан рейтингке ұмтылатын медиа нысандар осындай мазмұнды жиі пайдаланады. Мазасыздық тудыратын ақпарат адам психикасында ашу, уайым, тіпті созылмалы шаршау қалыптастырады. Әлеуметтік желі кеңістігінде мұндай ақпараттар өте көп. Көп жағдайда адам оны мида “өңдей” алмай, санасын “тұзаққа” түсіріп алады. Сонымен қатар мағынасы таяз, ойды дамытпайтын хабарламалар да санаға тежелу әкеледі.
Сондықтан ақпаратты тұтынуда сауатты көзқарас қалыптастыру өте маңызды. Тек сенімді әрі қажетті дереккөздерді таңдаған жөн. Күніне шекті жаңалық тұтын,ып, уақытты үнемдеуді әдетке айналдырған дұрыс. Эмоцияға бақылау жасау да маңызды: егер бір ақпарат ашуға булықтырса, оны тоқтатып, көңілге қуаныш сыйлайтын сәттерді еске түсірген пайдалы. Сонымен қатар тірі қарым-қатынасқа көңіл бөліңіз: достармен, отбасыңызбен әңгімелесу, серуендеу, сүйікті хоббиіңізге уақыт бөлу психиканы қалпына келтіреді», – деді маман.
Психологтың бұл кеңесі қарапайым естілгенімен, зерделі санаға жүк болардай пайымды дүние. Әлеуметтік желіде бір күнде жүздеген пост, ондаған жаңалық оқып үлгереміз. Бірақ солардың бәрі көңілімізді көтермейді. Керісінше, «дүрбелең», «қақтығыс», «құрбан» деген ауыр тақырыптар санаға салмақ салады. Мұндайда адам байқамай-ақ үрейге беріліп, сенімсіздікке бой алдырады. Әсіресе соңғы жылдары бірнеше минуттың ішінде WhatsApp топтарына тараған жалған хабарламалар қаншама уайым мен дүрлігуді тудырғаны есімізде. Бір өңірдегі оқиғаның «өсітіліп», басқа аймақтарға жетуі адамдарды дүрліктіріп, шынайы жағдайды одан сайын қиындатқан сәттер де көп.
Демек, ақпаратты дұрыс қабылдау – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығына тікелей әсер етеді. Әр азамат өзіне келген хабарламаның шын-өтірігін саралай алса, қоғамдағы сенім мен бірлікке селкеу түспейді.
Медиасарапшы, Kazakhstan Media Group жетекшісі Махаббат Есен бұл құбылысты бірнеше деңгейде түсіндіреді. Оның айтуынша, жаңалықтардағы негатив – редакцияның қасақана таңдауы емес, «үш күштің әсерінің» нәтижесі.

Біріншіден, назар экономикасы. Бүгінде адамның назары ең қымбат ресурсқа айналды. Зерттеулер көрсеткендей, егер тақырыпта қауіп, қақтығыс немесе қайғылы жағдайға қатысты сөздер болса, оқырманның мақаланы ашып, соңына дейін оқу ықтималдығы едәуір жоғары. Теріс ақпарат миға «қызыл түйме» сияқты әсер етеді. Сондықтан қатаң бәсекелестік жағдайында редакциялар назар аударту үшін «айқайлы» тақырыптарға жиі жүгінеді.
Екіншіден, әлеуметтік желілер алгоритмдері. Олар көбірек эмоция тудыратын контентті ілгерілетеді. Әсіресе ашу-ызаға толы жазбалар әлдеқайда жылдам таралады. Мәселен, Twitter лентасына жасалған зерттеу көрсеткендей, эмоциясы күшті посттар, әсіресе «біреуге қарсы» бағытталған жазбалар бірнеше есе тез таралады. Алгоритм үшін мазмұнның зиянды немесе пайдалы болуы маңызды емес – бастысы, талқылау мен бөлісу көп болуы.
Үшіншіден, аудитория психологиясы. Wharton мектебінің профессоры Джона Бергердің еңбектері дәлелдегендей, контенттің «виралдылығы» эмоцияның күшіне тікелей байланысты. Қуаныш, үрей, ашу – таралымның басты қозғаушы күші. Осы себепті жағымсыз жаңалықтар позитивті тақырыптарға қарағанда жиі жылдам таралады.
Төртіншіден, сала контексті. Reuters Digital News Report 2025 мәліметінше, әлемде жаңалықтарға деген сенім төмендеп, «ақпараттан қашу» үрдісі күшейіп келеді. Ақпараттық шаршау жағдайында тек шок тудыратын жаңалықтар ғана аудитория назарын бұзып өте алады.
«Осы төрт деңгей – назар экономикасы, алгоритмдер, психология және медиаорта – бірге «воронка әсерін» қалыптастырады. Бұл журналистер әдейі қоғамды үрейлендіреді дегенді білдірмейді. Жүйе осылай жұмыс істейді: назар – басты валюта, ал негатив – оның ең өтімді «ақшасы»,» – дейді сарапшы.
Махаббат Есеннің пікірінше, теріс жаңалықтар легі қоғамға айтарлықтай ықпал етеді. Қайғылы оқиға жайлы хабарды мыңдаған шақырым қашықтықта отырып оқыған адамның миы, сол оқиғаның куәгеріндей күй кешеді. Мәселен, Бостон марафонында болған жарылыстан кейінгі зерттеулер көрсеткендей, жаңалықтарды үздіксіз қараған адамдардың стресс деңгейі оқиғаның кейбір тікелей куәгерлерінен де жоғары болған. Америкалық психологтар мұны «жаңалықтан жүктелу» деп атайды. Теріс ақпаратты шектен тыс тұтыну мазасыздық пен дәрменсіздік сезімін күшейтіп, белгісіздіктен туатын қорқынышты арттырады.
«Нәтижесінде негативті ақпарат легі қоғам үшін фондық стрессорға айналады. Ол баяу, бірақ жүйелі түрде психологиялық жағдайды әлсіретеді», – дейді ол.
Сарапшы Қазақстандағы жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, елімізде де «ақпараттық шаршау» байқалып отыр.
«Бүгінде жастардан: «Жаңалықты жиі оқисыз ба?» деп сұрасаңыз, көбі «жоқ, соңғы кезде айналып өтемін» деп жауап береді. Бұл – тек Қазақстанға тән емес, әлемдік тренд. Reuters Institute-тің Digital News Report 2025 есебінде адамдар жаңалықты әдейі азайтып оқитыны, себебі сенімсіздік пен шаршау тудыратындығы айтылған. Қазақстанда да осы құбылыстың белгілері бар. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде халық жаңалықты қарқынды түрде бақыласа, кейіннен күрт бас тартты. Бұл – медиа-шаршаудың айқын көрінісі: адам дүниеге қызығушылығын жоғалтпайды, бірақ жаңалық көздерін айналып өтеді. Әсіресе жастар арасында бұл үрдіс күшейіп келеді», – деді маман.
Сонымен қатар, ақпарат тасқыны халықтың медиасауатына және сенім деңгейіне де ықпал етуде.
«Қазақстанда дағдарыс кезеңдерінде аудитория ресми ақпараттан гөрі блогерлер мен Telegram-арналарға көбірек жүгінеді. Бірақ олардың фактчекингі әлдеқайда төмен. Oxford University зерттеулері көрсеткендей, алгоритмдер ашу мен поляризацияны күшейтеді. Қазақстандық аудитория да мұны сезінуде: ең көп талқыланатын посттар – айыптау, жанжал және дау төңірегінде. Бұл – ақпарат емес, эмоцияға құрылған қаптама. Соның салдарынан сенім азаяды», – дейді сарапшы.
Ол ДДСҰ-ның инфодемиямен күрес жөніндегі ұсынымдарын мысалға келтірді: аудиторияны тыңдау, тәуекелді түсіндіру, дезинформацияға қарсы иммунитетті күшейту және қауымдастықты тарту.
«Қазақстан үшін бұл қағидалар өте өзекті, себебі медиасауат деңгейі әркелкі. Қала тұрғындары ақпаратты сын тұрғысынан қабылдаса, ауылдық жерлерде кез келген дерекке сену ықтималдығы жоғары», – дейді ол.
Махаббат Есеннің пікірінше, ақпараттық иммунитетті қалыптастыру – басты шешім.
«Ақпараттық иммунитетті денсаулықпен салыстыруға болады: біз вирустарды жоя алмаймыз, бірақ иммунитетті күшейтіп, оларға қарсы тұра аламыз. Жаңалық тұтынуда да дәл солай. «Жаңалық диетасын» ұстану керек: уақытты шектеу, қажетсіз хабарламаларды өшіру, 2–3 сенімді дереккөзбен шектелу, түсіндірмелі форматтарды пайдалану. Әлеуметтік желі гигиенасы да маңызды: «думскроллингтен» – шексіз негатив оқудан – бас тарту психиканы қорғайды. Медиасауаттылықты арттыру, дереккөзді тексеру, манипулятивті тақырыпты тану – XXI ғасырдың базалық дағдыларының бірі.
Редакциялар үшін де жауапкершілік бар. Ақпараттың қайдан алынғанын ашық көрсету сенімді арттырады. Конструктивті журналистика – мәселені ғана емес, шешім жолдарын да көрсету – аудитория үшін пайдалы. Сонымен қатар, эмоцияға емес, сапаға негізделген жаңа метрикалар қажет. Ал дезинформациямен жүйелі күрес пен халықаралық стандарттарды енгізу Қазақстан үшін стратегиялық міндет», – деп қорытындылады медиа сарапшы.
Мамандардың пайымдауынша, қоғамның ақпараттық мінез-құлқы екі деңгейде қалыптасып отыр: жеке адамның психологиялық қабылдауындағы тұрақсыздық және медиакеңістіктің мазмұндық сапасы. Бұл факторлардың тоғысуы жалпы қоғамдық көңіл-күйге де ықпал етеді. Сол себепті жаңалықтың тек оқырман назарын аудару үшін емес, оның санасына әсер етуі тұрғысынан да сарапталуы қажет.
Психологтар азаматтарға ақпаратты сүзгіден өткізіп, эмоцияға берілмеуді ұсынса, медиасарапшылар медиа өнімнің сапасы, деректің шынайылығы және қоғамға тигізетін салдарына баса мән беру керек екенін алға тартады. Яғни мәселе жеке адамның таңдауы мен медиа ұйымдардың жауапкершілігі қатар жүретін ортақ алаңда шешілуі тиіс.
Соңғы жылдары фейк жаңалықтардың белең алуы, әлеуметтік желілердегі ақпарат ағынының шектен тыс көбеюі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Көп жағдайда жалған деректер эмоцияға әсер ету арқылы тез таралады да, оның салдары қоғамдық пікірдің тұрақсыздануына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда сарапшылар ақпаратты тек тұтынушы емес, әрбір азаматтың сын тұрғысынан бағалай білуі аса маңызды екенін айтады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда медиасауаттылықты арттыру – тек қоғам үшін емес, әрбір жеке адам үшін де аса қажет дағды. Себебі ақпараттың шынайылығын ажырата білу, жалған деректен бойды аулақ ұстау және ақпаратты тұтынуға уақыттық шектеу қою – адам психикасын қорғаудың негізгі жолдары. Ал дәстүрлі БАҚ пен ресми дереккөздердің жауапкершілігі арта түспек.
Түйіндей келгенде, ақпарат тасқыны заманында адам психикасының тұрақтылығы мен қоғамдағы сенімнің сақталуы бір-бірімен тығыз байланысты. Ақпаратты дұрыс сүзгіден өткізу, сенімді дереккөзге сүйену және медиасауаттылықты дамыту – бүгінгі күннің ең өзекті қажеттілігі болып отыр.





