Суықсай ауылындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектепті 1973 жылы тамамдап, ауыр еңбекке жастайынан араласқан Ғалымбек Құдайбергенұлы 1973-1974 жылдары туған ауылында механизатор болып жұмыс істейді. 70-ші жылдардың соңында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскерден келген соң бойындағы «мал шаруашылығын дамытсам» деген құлшыныс оны Талдықорған қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына жетелейді.
Осылайша кәсіптік оқу орнынан «зоотехник» мамандығын алып шыққан жас маманға кеңшардағы бордақылау алаңының меңгерушісі міндеті жүктеледі. Күн-түн демей мал бордақылаудың қыр-сырын толық меңгеріп, шаруашылықтың табысын адал еңбекпен тасқындатқан оған бұдан да жауапты міндет жүктеуге болатыны айқын еді. Аудан басшылығының көзіне түскен Ғалымбек Құдайбергенұлы ауылға бөлімше меңгерушісі болып тағайындалып, өндірісті ілгерілетуге үлес қосады. Төрт түлік түлетуге әбден машықтанған маман Қапал өңіріне асыл тұқымды жылқы әкеліп, шаруашылықтың жаңғыруына үлес қосады. «Еңбек – ер атандырар» дегендей, еңбегі мен табандылығы өңірге абырой әкелді. Тіпті, баптаған жүйрігі Алакөл ауданы, Үшарал қаласының 80 жылдығына арналған дүбірлі додада қара үзіп келіп, жеңіл автокөлікті қанжығалады.
Адалдықты, әділдікті, шынайылықты көздейтін азаматтық ұстанымы қоғамдық істерде айқын көрінген Ғалымбек Құдайберген-ұлы Ақсу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланып, өңірдегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бастамашы болды. Мысалы, Қапал – Жансүгіров тасжолының салынуы, Арасан – Суықсай бағытындағы жол жұмыстары, Қызылжар – Суықсай елді мекендерінің арасына оқушыларды тасымалдайтын автобустың жүруіне ықпал еткен халық қалаулысы, сондай-ақ, «Қызылжар» ауылының ауызсу мәселесінің түбегейлі шешілуін қадағалап, халықтың алғысына бөленді. Қоғамдық белсенділігі еленіп, Арасан ауылының қауымдастық кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Еңбегі мен елге сіңірген қызметі лайықты бағаланған Ғалымбек Құдайбергенұлына «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл марапат – жалғыз оның ғана емес, тұтас еңбек адамдарының абыройын, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы салмағын танытатын құрмет еді.
Жерге дән сіңіріп, малын бағып-қағып, жолын жөндеп, суын жеткізген қарапайым еңбек адамының өмір жолы көпке үлгі.
Гүлжан ТҰРСЫН





