Ұлттық мұраны сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуды мақсат еткен фестиваль аясында құндылықты дәріптеуге арналған жарыстар өтті. Атап айтсақ, киіз үй тігу, қой сою және мүшелеу, ағаш ұсталығының қыр-сыры, ішек-қарын тазалау, ат үстіндегі шеберлік, сиыр мен бие сауу, қуырдақ дайындау өнерінен шеберлік сабақтары өткізілсе, ұлттық спорт түрлері – қазақша күрес, бес тас, қол күрес және арқан тарту секілді жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.
Этноауыл аумағында қонақтарға ұлттық тағамдар дайындалса, жас өнерпаздар күмбірлеген күй тартып, әуелеген ән шырқады. Әсіресе, көпшіліктің көңілінен шыққан ұлттық би қойылымдары өзіндік өрнегімен қызықталды. Жастар үшін түрлі викториналар, ойындар ұйымдастырылып, балалар да ерекше көңіл-күйге бөленді.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, «Zhailau FEST» ұлттық дәстүрді насихаттаумен қатар елдің ынтымағын арттыруға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды мәдени шараға айналып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – жастарды ұлттық тәрбиеге баулу, ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту болды. Іс-шараға 16 жастан 22 жасқа дейінгі 70-тен астам жас қамтылды.
Жақсылық ИГІМАН





