Экономика ғылымдарының кандидаты Жібек Омарханованың ресми деректерге сүйене хабарлауынша, 2015 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 7 093 ауылдық елді мекен болған. Ал 2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша олардың саны 6 298-ге дейін азайып отыр. Соның ішінде 90-ы – қала, 29-ы – қалалық үлгідегі кент, 6 179-ы – ауыл, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Осылайша, кейінгі он жылда 914, ал 2009 жылдан бері 1 481 ауыл жабылып қалған. Мамандар мұны мектептердің жабылуы, жұмыссыздық, жастардың қалаға көшуі, жолдардың нашарлығы, шалғай орналасу және табиғи апаттармен байланыстырады. Соңғы жылдардағы дала-орман өрттері мен 2024 жылғы су тасқыны да ауылдардың жойылуына себеп болған.
Сарапшылар ауылға халықтың тұрақтамауына телекоммуникациялық байланыстың әлсіздігі де ықпал еткенін айтады. Интернетсіз тұрғындар жедел жәрдем, өрт сөндіруші немесе полиция шақыруда қиындық көреді. Осыған байланысты ауылдарды интернетпен қамту мәселесі Парламентте бірнеше рет көтерілді.
Сенат депутаты Сәкен Арубаевтың айтуынша, қазіргі таңда 6 мыңнан аса ауылдың тек 2 045-і ғана 4G-мен қамтылған. Бұл – жалпының 33%-ы. Ал 2 813 ауылда тек 3G жұмыс істейді, 1 049 ауылда интернет мүлде жоқ. Талшықты-оптикалық байланыс желісі елді мекендердің 58%-ына ғана тартылған.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына 2023–2027 жылдары небәрі 1,5 млрд теңге бөлінген. 2025–2027 жылдарға арналған инвестжоба аясында 239 млрд теңгеге 3 039 елді мекенді қамту жоспарланғанымен, тиісті қаржы қарастырылмаған. Бұл салада деградация байқалады», – деді депутат.
Интернет тапшылығы білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына тікелей әсер етуде. Оқушылар қашықтан оқи алмайды, дәрігерлер медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алмай отыр, ал ауыл тұрғындары eGov, E-Salyq сияқты сервистерді пайдалану үшін аудан орталығына баруға мәжбүр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Сенатқа жолдаған хатында ауылдарды интернетпен қамту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның дерегінше, бүгінде 6 179 ауылдың 4 906-сы түрлі технология бойынша интернетке қосылған.
2025–2027 жылдары «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған келісім аясында 3 039 ауылдық елді мекен мен 5 650 мемлекеттік мекеме кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қосылмақ. Мемлекет байланыс операторларын ынталандыру үшін субсидиялау тетіктерін қайта енгізуді де қарастыруда.
Жаңа заң жобасы аясында телекоммуникация нарығын дамытуға бағытталған түзетулер енгізілмек. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар ауылды сақтап қалу үшін шешуші рөл атқарады.





