7 қыркүйекте Қазақстанның 15 облысында және Астанада қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы «Қазгидромет» РМК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің болжамынша, Жетісу, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Сонымен қатар екпінді жел соғып, кей аймақтарда шаңды дауыл мен тұман күтіледі.
Астанада да ауа райы құбылмалы болмақ: найзағай күтіліп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Мамандардың айтуынша, еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға ауа райына байланысты сақтық шараларын қатаң ұстанып, әсіресе жолда абай болуды ескертті.





