Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуаныш Ноғайбеков мәдениет саласындағы жекелеген мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіп- орындарда активтерді басқару тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
Қуаныш Жұмаханұлының айтуынша, мемлекеттік аудит 2022 жылдың қаңтар айы мен 2023 жылдың желтоқсан айы аралығында мәдениет саласындағы 10 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорында жүргізілген. Мәселен, осы мекемелерде 2 534 058,8 мың теңге мемлекеттік аудитпен қамтылып, жалпы сомасы 7 490,2 мың теңге қаржылық бұзушылықтар анықталған, оның 2 917,3 мың теңгесі қалпына келтіруге, 4 572,9 мың теңгесі бюджет есебіне қайтаруға жатады. Сонымен бірге 70 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталған.
«Қаратал ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ-нің «Қаратал ауданы Қабылиса жырау атындағы Мәдениет үйі» МКҚ кәсіпорнында ҚР Еңбек кодексі және ҚР Үкіметінің 31 желтоқсан 2015 жылғы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджеттік қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбек-ақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының талаптары сақталмай, 2022-2023 жылдары Мәдениет үйінің азаматтық қызметкерлеріне 671,7 мың теңге сауықтыруға арналған жәрдем-ақы және ауылдық жерде жұмыс істейтін мәдениет саласының маманы болып табылмайтын, тарификациялық тізімде 25% қосымша ақы қаралмаған қызметкерлерге 743,6 мың теңге, жалпы 1 415,3 мың теңге қаражат негізсіз төленген.
«Ақсу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ-нің «Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық Мәдениет үйі» МКҚ кәсіпорнында қызметкерлерге жалақы есептеу кезінде 2022-2023 жылдары төленген 1 137,7 мың теңге аванстық төлемдердің ұсталмағаны анықталған.
«Көксу ауданы әкімінің аудандық Мәдениет үйі» МКҚ кәсіпорнында Мәдениет үйінің қызметкерлеріне жалақы есептеу кезінде кәсіпорын бухгалтерлеріне 1 761,7 мың теңге негізсіз жалақы төленгені анықталды.
ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң талаптары сақталмай, Панфилов, Қаратал аудандары және Текелі қаласы Мәдениет үйлерінің таза кірісінің бір бөлігін аудару нормативі және кәсіпорын өндiріп, өткiзетiн тауар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) бағасы жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан белгiленбегені анықталды. Ақсу, Сарқан аудандары Мәдениет үйлерінің құрылтай құжаттары ҚР Әділет министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі «Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекеменің үлгі жарғысын (жалпы ережесін) және мемлекеттік кәсіпорын үлгі жарғысын бекіту туралы» №1202 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік кәсіпорынның үлгі жарғысына сәйкес келмейді.
Екі аудандық Мәдениет үйлерінің есеп саясаты бекітілмеген (Ақсу, Көксу аудандары), жекелеген аудандардағы Мәдениет үйлері ғимараттары кәсіпорындардың теңгерімінде тіркелмеген, қазыналық кәсіпорындардың лауазымды тұлғаларына әкімшілік айыппұлдар салынуына әкеп соқтырған, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп саласында да бұзушылықтар анықталған.
Соңында Қуаныш Ноғайбеков тілшілер сұрағына жауап беріп, анықталған бұзушылықтар туралы айтып берді.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Фото: z-taraz.kz





