Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі – Ұлттық қордың қызметін заман талабына сай жаңғырту қажет екенін айтты. Президент бұл туралы өзінің кезекті мәлімдемесінде атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық қор тек ірі инфрақұрылымдық немесе стратегиялық жобаларды қаржыландыратын резерв қоры болып қана қалмауы тиіс. Қордың қаражаты экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға, әсіресе шағын әрі болашағы зор жобаларды қолдауға жұмсалуы керек.
«Қордың қаражатын жоғары нарықтық әлеуетке ие шағын жобаларды қаржыландыруға пайдалану қажет. Қаражатты бөлу ісіне жауапкершілікпен қараған жөн. Қажет болған жағдайда осы жұмысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық инвесторларды тартуға болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар цифрлық технологиялардың жылдам дамуына байланысты жаңа қаржылық құралдарды енгізу қажеттілігіне тоқталды. Осы орайда ол «Цифрлық активтер мемлекеттік қоры» құрылып, оның жұмысы Ұлттық банк пен Үкіметтің үйлесімді әрекетіне негізделуі тиіс екенін тапсырды.
Бұл бастама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға, инновациялық стартаптарды қолдауға және еліміздің қаржы нарығында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қор Қазақстанның ІТ-секторы мен финтех саласын дамытып қана қоймай, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады.
Үкімет пен Ұлттық банкке қысқа мерзім ішінде осы бағыттағы нақты ұсыныстарды әзірлеу жүктелді. Жаңа қор іске қосылған жағдайда, ол ұлттық экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық климатты жақсартуға және елдің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.





