Басқосуда сөз алған Ернат Дүйсенбекұлы акцияны қолдау тек қайырымдылық қана емес, инклюзивті қоғам құру жолындағы нақты қадам екенін атап өтіп, шара барысында мұқтаж жанұялардан шыққан оқушыларға қолдау көрсеткен 23 демеушіні марапаттады.
– Бұл марапат сіздердің жасаған қайырымдылық істеріңізге деген қоғамның, қала тұрғындарының алғысы. Әр баланың қуанышы мен үміті сіздердің қамқорлықтарыңыздың жемісі. Қайырымдылық бастамасы бір күндік емес, болашаққа бағытталған үлкен жұмыс. Осындай жауапкершілікті сезіне отырып, қамқорлық танытқан әрбір жанға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да осындай ізгі істеріміз бірлесе жалғасын табады деп сенемін, – деді қала әкімі.
Жалпы қайырымдылық – қайырлы іс. Қымбатшылық қысқан бүгінгі таңда мұқтаж жандарға көмек қолын созу әрбір жанның азаматтық борышы. Ал «Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – елдегі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты көмек көрсету.
Мамандардың мәліметінше, биылғы қайырымдылық шарасы аясында Талдықорған қаласы бойынша 7 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілген. Ал бүгінде Жетісу облысының орталығында жалпы әлеуметтік осал топқа жататын 5 647 оқушы бар. Оларды қолдау үшін жалпыға бірдей білім беру қорынан әр балаға 46 228 теңгеден қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, қосымша көмекке мұқтаж 2 мыңнан астам бала мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. «Мектепке жол» респубикалық акциясы аясындағы игі істерге облыстық басқармалар, жергілікті кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, іскер әйелдер кеңесі және басқа да мекемелер мен жеке азаматтар белсенді қол ұшын созған.
Айдын КӘЛІМХАН





