Бүгінде елімізде тігіншілік өнермен айналысатын қыз-келіншектердің қатары көп. Олардың қолынан шыққан заттарға жергілікті жұрттан бұрын шетелдіктер де тапсырыс беретін болған. Ежелден келе жатқан қасиетті өнерді кәсіпке айналдырып, жастарға насихаттап жүрген ақ жаулықты аналарымыздың адал еңбегін бағалаған жөн. Текелілік зейнеткердің қолынан шыққан қазақы нақыштағы тұрмыстық бұйымдар көпшіліктің көз жанарын жаулауда.
Нұржібек Тілеубекова 64 жаста. Жастайынан қолына алған инесін зейнетке шықса да тастамай келеді. Кейіпкеріміздің сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, ел кәдесіне жаратып отырған жайы бар. Талғам мен табандылықты талап ететін ерекше өнерді кейінгі буынның да үйренгенін жөн санайды.
– Көптен бері қыз балалардың жасауын жасап жүрмін. Жасаған бұйымдарымды бір-бірінен көріп, естігендер қоңырау шалып, үйіме дейін келіп жатады. Адамның көңілі қымбат қой, барынша арзан бағаға беремін. Айналайындар қуанып қалады. Бұл тұрмыстық заттарды балаларыма да жасап бердім. Жалпы, қазақы нақыштағы ою-өрнекті құрақ көрпелер кез келген шаңырақтың сәнін кіргізіп тұратыны шындық. Жастардың тілімен айтқанда брендтік сөмкелерді де осы күні жасап жүрмін. Қызығушылар көп. Жұмыс көбейгенде қыздарым көмектесіп тұрады. Келіндерім де мұндай іске келгенде аянып қалмай барын салып жәрдемдерін тигізеді. Көбіне ою ойысады, – дейді Нұржібек Тілеубекова.
Ісмер апа тігін тігумен кәсіби тұрғыда 1997 жылдан айналыса бастаған. Ол құрақ құрап, тігілген көрпе, жастықтар мен бөстектердің санынан осы күні жаңылып қалдым деп езу тартады. Тігіншінің ісін бүгінде немересі Әсима жалғап жүр. Апасы оны өзі баулып, білгенін түгелдей үйретуде.
– Менің апам өте жайдары адам. Қолынан келмейтіні жоқ деп ойлаймын. Апам маған кішкентай кезімнен тігін тігудің жолдарын көрсетіп келеді. Ең алдымен, мата таңдауды, ою түрлерін ажыратуды үйретті. Апама айтар алғысым көп. Ол әрдайым бізді ойлап жүреді, – дейді Әсима Сәрсен.
Еңбек адам атын шығарып, асқақтататыны ақиқат. Әсілінде әрбір жан иесінің тұла бойында бір өнердің бұғып жататыны жасырын емес. Сол қабілетіңді айналаңдағылар байқағанда қадірің биіктей бермек. Нұржібек апаның да абыройын көтерген осы қолөнер болса керек-ті.
Медет ЖҰМАБАЙ