І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде халықаралық серіктестік аясында маңызды шара өтті. English Language Fellow бағдарламасының ерікті оқытушысы, америкалық маман Бронуин Шибер (Bronwyn Schieber) университет ұжымына таныстырылды, − деп хабарлайды 7-su.kz тілшісі.
Бағдарлама аясында Бронуин Шибер 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың шілдесіне дейін студенттерге ағылшын тілін оқытады және оқытушыларға арналған әдістемелік семинарлар ұйымдастырады. Сонымен қатар мәдени-ағартушылық жобаларға қатысып, білім алушылардың тілдік және мәдени көкжиегін кеңейтуге өз үлесін қосады.
English Language Fellow жобасы АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен және Джорджтаун университетінің серіктестігімен жүзеге асып келеді. Бұл бағдарлама Қазақстандағы ағылшын тілі мұғалімдері мен студенттерінің кәсіби дамуына бағытталған маңызды бастама.
Жетісу университетінде өткен ресми кездесуде оқу орнының ректоры Ермек Бөрібаев қонақтарды жылы қарсы алып, серіктестік қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Жиынға АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының өкілдері – Қоғамдық дипломатия бөлімінің баспасөз атташесі Ингрид Корсгард және Қоғамдық дипломатия бөлімінің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Жанна Тоқтарова қатысты.
Университет басшылығы English Language Fellow бағдарламасының іске асуы аймақ жастары үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Ағылшын тіліне бейімделген кәсіби дайындық студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейде білім мен мәдениет алмасуға жол ашады.
Мақпал Әділханқызы





