Мамандардың мәліметіне жүгінсек, былтыр «Жастар-3» тұрғын үй алабында жайлы баспаналар салу жұмысы басталып, сол жылы 56 баспана үй кезегінде тұрған азаматтарға берілсе, ал биыл жыл соңына дейін тағы 200 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұдан бөлек, алдағы уақытта бұл аумақта заман талабына сай сквер мен балалар ойын алаңын салу да жоспарда. Сонымен бірге биыл аталған аумақта қолға алынған жоба аясында жалпы ұзындығы 25 шақырым газ құбыры тартылып, 7 газ реттегіш пункті орнатылған. Жоспарға сәйкес онда 789 үйге көгілдір отынға қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, осы жолы 56 баспана табиғи газ тұтынуға мүмкіндік алған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 200 абонентке жеткізу көзделген.
Табиғи газ берілген аумақтағы тұрғындарды қуанышымен құттықтаған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған жұртқа жаңадан бой көтеріп келе жатқан бұл жерде әлі де бірқатар тың жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.
– Қала күні қарсаңында шаһар көлемінде 30-дан аса іс-шара өткізу жоспарланған. Шара аясында тек мәдени іс-шаралар ғана емес, бірнеше нысанды халық игілігіне бермекшіміз. Бүгін, міне, «Жастар-3» тұрғын үй алабына көгілдір отын берілуде. Осылайша аталмыш алаптағы өзекті мәселелерді біртіндеп оңтайлы шешу көзделген. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін бірнеше шағын ауданды толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жұмыстар жақсы қарқынмен жалғасуда. Айта кетсем, бүгінде облыс орталығын газбен қамту деңгейі 90,3 пайыздан асып отыр, – деді шаһар басшысы.
Жауаптылардың сөзінше, қазіргі таңда «Жастар-3» тұрғын үй алабында табиғи газ желісімен қатар ауыз су, кәріз жүйесі мен түнгі жарықтандыру толық жүргізілген. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту мақсатында аталмыш аумақтың 3,5 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары тамыз айында басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал 2026 жылы жалпы 8,5 км көшеге асфальт жабындысы төселеді.
Айдын КӘЛІМХАН





