Біздің кейіпкеріміз көлік жөндеуде алдына жан салмайтын майталман маман. Ол мотордың тілін тауып, темірге «жан бітіретін» шебер. Бағлан үшін көлік жай ғана темір емес. Ол оны «тірі ағзадай» көреді. Мотордың үні мен жүрісіндегі ақауды оталған дауысынан танып, жүрегімен сезеді. Бұл қасиет оған әкесінен дарыса керек. Себебі ол «темір тұлпардың» сырына әкесінің көлігін өз бетінше жөндеп отырып қаныққан. Сол бір сәт оның өмір жолын түбегейлі өзгертіп, үлкен мамандыққа апарған алғашқы қадам болған еді.
– Алматыдан келген кезім еді. Әкемнің ескі көлігі болған. Қозғалтқышы бұзылып тұрды. Әкем іссапармен жұмысқа кеткенде жөндеп көрейін деп кірісіп кеттім. Ол кісі келгенше «темір тұлпарын» жөндеп, жүргізіп қойдым. Қатты қуанды. Өзім де мәз болдым, – дейді сала маманы.
«Темір тұлпардың» тілін түсіне бастаған жас жігіттің ынта-ықыласы ескі мәшинеден бастау алған. Ол кезде бұл іс тек әуестік қана болатын. Алғаш өз бетімен қозғалтқышты ашып, күрделі жүйесін түсініп, істен шыққан көлікті қайта «тірілткелі» бері бұл жұмыс оның кәсіби жұмысына айналды. Өз үйінің ауласынан барлық құрал-сайманы бар «бокс» тұрғызып, сол жерде көлік жөндеу ісін дөңгелентіп отыр. Бұл шағын ғана шеберханада үлкен жауапкершілік пен шеберлік қатар өріледі. Техникалық жөндеу орталығына күн сайын адамдар көлігімен ғана емес, үкілеген үмітімен бірге келетіндей сезілді. Себебі, келушілерді шеберге деген сенімі жетелеген.
Шебер жөндеу жұмысына кіріскенде ешкімнің көмегіне жүгінбейді. Қозғалтқыштың үнін тыңдап, ақауын дөп басып табады. Кейде тіпті көлік иесі өзі байқамаған мәселелерді де анықтап беретін көрінеді. Мұның барлығы тәжірибенің, ықыластың, ең бастысы – адал еңбектің нәтижесі. Тынбай еңбек етіп жүрген шебердің қолы май болғанымен жүрегі таза, шексіз мейірімге толы. Балаларына еңбек етудің, өмір сүрудің, қарапайым болудың нағыз үлгісін көрсетіп, әкелік міндетін де, азаматтық жауапкершілікті де қатар алып жүрген жан. Күндіз шеберханада көлікпен алысып, кешке үйде балаларының сабағына қарап, жарының жағдайын жасап жүрген әке бейнесі шын мәнінде құрметке лайық. Оның есімін Қаратал ауданындағы әр көлік тізгіндеген адам біледі. Әрі мақтанышпен танитындарын айтады. Өйткені ол – қарапайым тірліктің қадірлі иесі.
Гауһар МҰСА





