2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлікке қатысты жаңа 232-1-бап қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа нормаға сәйкес, банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру не алу, сондай-ақ материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын ұсыну дропперлікке жатады.
Ішкі істер министрлігі мұндай әрекеттер интернет-алаяқтардың ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және шығару тәсілдерінің бірі екенін атап өтті. Бапқа сәйкес, құқық бұзушылықтың ауырлығы мен келтірілген залал көлеміне қарай айыппұл салудан бастап, мүлікті тәркілеумен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл норма киберқылмысқа қарсы жүйелі күрес жүргізуге, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған.





