Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде бастама көтерді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы өркениетаралық өзара алмасуды дамыту және қоғамдар арасындағы сенімді нығайту ісінде дін лидерлеріне үлкен үміт артылатынын атап өтті.
– Дін лидерлері әлемнің хаосқа ұрынуына жол бермей, саясаткерлерге ақыл-ойды, ізгі ниетті және адамгершілік жауапкершілікті еске салатынына сенімдімін. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Адам бауырластығы туралы құжат, Мекке декларациясы, Бахрейн форумы, Ыбырайым отбасы үйі – бәрі де діннің біріктіруші күш екенін дәлелдейді. Осындай тәжірибені кеңінен тарату қажет, – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы ұстанымын да таныстырды. Оның айтуынша, басты басымдық – халықаралық және аймақтық ұйымдар деңгейінде рухани дипломатияның әлеуетін барынша пайдалану.
Съезд барысында Мемлекет басшысы «Бейбітшілік қозғалысы» атты жаңа идеяны талқылауға ұсынды. Президенттің пікірінше, діни көшбасшылар осы қозғалыстың моральдық өзегіне айналып, зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдер іздеуге шақыра алады. Бұл бастама сенушілерді ғана емес, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес құрылымдарды, сарапшыларды және жастарды да біріктіруге ықпал етпек.
Сонымен қатар Президент бейбітшілікті қорғау жолындағы үндеу барған сайын күшейе түсуі қажет екенін айтты. Ол БҰҰ-ның ғаламдық деңгейдегі алмастырылмас алаң ретіндегі маңызын атап өтіп, Қазақстан бастамасына қолдау көрсеткені үшін мүше мемлекеттерге алғыс білдірді. Осы қолдаудың нәтижесінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы ашылатын болды.
Тоқаевтың сөзінше, АӨСШК, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, АСЕАН және Араб мемлекеттері лигасы секілді аймақтық ұйымдардың рөлін күшейту де аса маңызды.





