Талдықорған қаласын табиғи газбен қамту мен жылыту маусымы кезінде газ қауіпсіздігін сақтау кезек күттірмейтін мәселе.
Бүгінгі таңда шаһарда газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қаланың көгілдір отынға қосылуы 2016 жылы басталып, алғашқы тұрғындар 2017 жылы газға қол жеткізген болатын. Нәтижесінде қала тұрғындарының 90 пайызы газбен қамтылып, 38 547 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2022 жылы қала маңы, Ынтымақ ауылы мен 3-бөлімшеде 2106 тұтынушыға газ тартылса, 2023 жылы тағы 5493 абонент, соның ішінде Үйтас саяжай қоғамы, «Жастар-2» және «Ынтымақ» шағынауданы қосылды.
2024 жылы 830 үй, оның ішінде Мойнақ ауылындағы 220 үй газға қол жеткізді. Ал биыл «Жастар-3» ықшамауданына 25 шақырым газ желісі тартылып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Аталған тақырып аясында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов, өткізу және газбен қамтуды реттеу қызметінің бастығы Дәулет Өсербаев, газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің бастығы Айдос Азбанов баян етті. Сондай-ақ, «QAZAQGAZ AIMAQ» мобильді жүйесін іске қосу мен «Әлеуметтік әмиян» цифрлы сервисі туралы да сөз қозғалды.
Газ қауіпсіздігін сақтауға ерекше мән беру керек. Олай болмаған жағдайда адам өміріне қауіп тууы мүмкін. Белгілі болғандай, биылғы ақпанда мониторингтік топ құрылып, жыл басынан бері тұрғындар арасында 22 түсіндіру шарасы өткізілген. Газ жабдықтарын пайдалану ережесін бұзған бірнеше нысан мен жеке тұлғаларға әкімшілік шара қолданылған. Сонымен бірге көпқабатты тұрғын үйлерді сұйытылған газдан табиғи газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жыл басынан бері 10 үй қосылып, «Бірлік» шағынауданындағы 21 тұрғын үйді газдандыру жалғасуда. Қалада газдандырумен қатар жаңа цифрлық сервистер де таныстырылды. Оның бірі – EGOV Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі. Ол әлеуметтік көмек алушыларға электрондық ваучерлер түрінде тауарлық газға жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Қағаз құжаттарды жинауды қажет етпейтін жүйе уақытты үнемдеп, рәсімнің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Биылғы шілдеден бастап ел бойынша 9,5 мыңнан астам ваучер беріліп, 204 мың газ жеңілдікпен таратылған.
Екіншісі – «QAZAQGAZ AIMAQ» мобильді қосымшасы, ол тұтынушыларға газ есептегіш көрсеткіштерін онлайн беруге жағдай жасайды. Бақылаушының келуінсіз немесе байланыс орталығына қоңыраусыз, кез келген жерде смартфон арқылы қолжетімді сервис деректердің дұрыстығын автоматты тексеріп, тарихын сақтайды. Қазіргі таңда 157 мыңнан астам тұтынушы қосымшаны қолданып, тамыз айында ғана 60 мыңнан астам көрсеткіш енгізілген. Мамандардың айтуынша, газдандыру жұмыстары мен жаңа цифрлық шешімдер тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





