Күн арқан бойы көтерілген мезетте бір топ тілші саялы Сарқан қаласына да жеттік. Мақсат – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда нендей жұмыстар істеліп жатқанын көзбен көру. Мұнда мәселе шаш етектен. Қираған ойын алаңдары, қоқысы жиналмаған аула мен базар, бұзылған қоршау, тозығы жеткен аялдама, шұрық тесік көше жолдары табиғаты әсем аймақтың атына сын келтіріп тұр.
Қала – өркениеттің айнасы. Оның көшелері мен жолдары халықтың күнделікті өмірінің күретамыры. Сарқан қаласындағы Тәуелсіздік пен Абай көшесінің асфальті уатылып, ойық-шұңқырға айналған. Ары-бері өткен көліктер тасжолдағы тесіктен қашып әлекке түскенін де көрдік. Аудан ішінде адам тасымалдайтын жүргізушілер: «Бұл бер жағы ғана, сіздер орталықтағы көшелерді ғана қарамай, сырт жақ жолдарды көрсеңіздерші» – деп емеурін танытты.
Одан әрі жүргенімізде Тәуелсіздік бойындағы қираған қоршауды көзіміз шалды. Аңғай-даңғайы шығып жатқан үлкен қоршау жасыл желекті аумақтың ұсқынын қашырып-ақ тұр. Жол жиегіндегі бордюрлер мүжіліп сынып, арық ішіне құлаған. Ал сол көшедегі су ағатын арналар тұрмыстық қатты қалдықтармен бітеліп қалған.
Бұқарбай батыр көшесіне өткенімізде жаяу жүргіншілерге арналған жол белгісін ағаштардың жауып, бар-жоғын көрсетпей тұрғанын байқадық. Қаладағы жалғыз автобекеттің маңындағы кейбір жол белгілерінің түсі оңып кеткенін, енді бірінің қисайып құлау алдында тұрғанын да аңғардық. Бұған жауапты мамандар не дейді?
– МАИ берген бұйрыққа сәйкес аудан бойынша: жаяу жүргінші, «тоқта», «оңға бұрылыс», «солға бұрылыс», тағы басқа 100 жол белгісі қойылады. Сонымен бірге 94 белгі жаңартылады. Жалпы айтқанда қыркүйек айының аяғына дейін 495 белгі ауысады. Ең бірінші, ауылды жердегі мектептің алдындағы жол белгілері ретке келтіріледі. Сіздер айтқан жол белгілерін де жөндейміз, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Қанапиянов.
Сарқан қаласын аралауда әйнектері сынып, қаңылтыры майысып, сыры кетіп көзге оғаш көрінген аялдамалар болды. Тіпті айналасына асфальт қалдықтарын төгіп, кесілген ағаштың бұтақтарын үйіп кеткен. Аудандағы автобекеттің де жай-күйі мәз емес. Айналасына асфальт төселмегендіктен шаңы көтеріліп, кесек-кесек тастар жаяу жүргіншіге де, көлікпен жүргендерге де кедергі келтіруде. Қоршалған аумақта арықтың шөбі өсіп, қоқысқа толып кеткен.
Бұл біз көргендердің бер жағы ғана. Ең сорақысы, орталық базардың айналасы. Мұнда бірде-бір қоқыс жәшігі қойылмаған. Нағыз қоқыс полигоны ма дерсіз?! Бей-берекет өскен арамшөп, арық толған тұрмыстық қалдықтар мен кәсіпкерлер төккен жуындының суы қолқаны қабады.
– Бұл жерді биржада істейтіндер тазалап жүретінін көреміз. Бірақ арықтың іші толып, айнала шашылып жатады. Заң бойынша қоқыс тастайтын жәшік қойылуы керек. Ол болмаған соң ары-бері өткен адам қоқыстарын шашып, тастап кетеді. Мына жәшікті ел-жұрттан ұялғаннан өзіміз әкеліп қойдық, – дейді аудан тұрғыны Алмас Кәмешов.
Артынша Тәуелсіздік пен Байтұрсынов көшелерінің қилысындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын да аралап шықтық. Ол жерде де сол баяғы көрініс. Әр жерде шашылғын құмыра, киім-кешек, пакет, тұрмыстық қатты қалдықтар, қираған ойын алаңы.
Осы көтерілген мәселелер бойынша Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбаев былай деді:
– Қазір жолдардың ойық-шұңқырларын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Негізінде көктемде бір рет ойылған жерлерді жамап шыққанбыз. Қазір содан қалып қалған және жасалмаған көшелерде жұмыс жүргізілуде. Қазан айының 15-не дейін барлық көшені жөндеуден өткізіп бітеміз. Қаладағы 13 аялдаманы жөндеуді келесі жылға жоспарладық. Аялдамалар толықтай темірден жасалынатын болады. Заң бойынша әрбір кәсіпкер өзінің мейрамханасының, дүкенінің алдына қоқыс жәшігін қоюы тиіс. Былтыр 10 кәсіпкерге айыппұл салынды. Ал базардағы қоқыс жәшігіне байланысты кәсіпкерлерге, автобекет иесіне ескерту беретін боламыз. Көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын міндеттелген аула тазалаушылары қарау керек. Ол жерді қазір тазалайтын адам болмағандықтан шашылып жатыр.
Тазалыққа немқұрайдылықпен қарау қоғамның мәдени деңгейін төмендетеді. Мақалада көтерілген мәселелерге Сарқан ауданының әкімдігі бейжай қарамай, олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз.
Медет ЖҰМАБАЙ






