21 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында әлемдік музыка тарихындағы ең табысты поп-топтардың бірі – Backstreet Boys елорда жұртшылығына ерекше кеш сыйлады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Концертке Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден келген қонақтарды қоса алғанда, 45 елден 12 мыңнан астам турист арнайы жиналды.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Астана Концерт» компаниясы. Олар кешке Total White дресс-кодын енгізіп, атмосфераға ерекше бірлік пен стиль сыйлады.
Әлеуметтік желілерде #GetReadyWithMe тренді кең таралып, жанкүйерлер сүйікті топтарын қарсы алуға қалай дайындалғанын бөлісті.
Backstreet Boys концерті – жай ғана қойылым емес, Астананың мәдени өміріндегі тарихи оқиға ретінде есте қалды. Әлем бойынша 130 миллионнан астам альбом сатқан топтың елордадағы шоуы олардың ірі әлемдік турнесінің бір бөлігі болды.
Айта кетейік, 2025 жылы Backstreet Boys Лас-Вегастағы әйгілі The Sphere кешенінде рекорд орнатып, бір күнде 500 мыңнан астам билет сатумен тарихтағы ең көп сұранысқа ие шоуға қол жеткізген еді.





