Қазақстандық жолаушылар енді пойызда келе жатып та жоғары жылдамдықты интернетке қосыла алады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында Starlink технологиясы енгізіле бастады. Алғашқы қызмет жаңа үлгідегі №888/887 Burabay Express электропойызында іске қосылды. Жолаушылар фильм көріп, мессенджерлер арқылы сөйлесіп, тіпті қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Алдағы уақытта №33/34 Ақтөбе-Алматы және №21/22 Қызылорда-Семей бағыттарындағы пойыздар да Starlink интернетімен қамтылады. Жылдамдығы 250 Мбит/с-тан асатын бұл байланыс жүйесі – Қазақстандағы жүрдек пойыздар үшін алғашқы тәжірибе.
Пилоттық жобаның нәтижесі жолаушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болғанын көрсетті. Қазіргі уақытта пойыздарда онлайн-табло, мультимедиялық жүйе және қолма-қол ақшасыз төлем сынды қосымша сервистер де қолжетімді.
Ұлттық тасымалдаушы жаңа технология арқылы жолаушылардың қауіпсіздігін де күшейтуді көздеп отыр. Пойыздарға орнатылған бейнекамералар қозғалысты бақылауға мүмкіндік берсе, GPS-трекерлер маршрутты нақты уақыт режимінде Ситуациялық орталықтан қадағалауға жағдай жасайды.
Жоба пойыздарға жоғары жылдамдықты интернет енгізуге маманданған SkyNomad компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Компания жолаушыларға тұрақты қосылуды қамтамасыз ететін кешенді веб-платформа әзірледі.
Starlink жүйесі дәстүрлі желілер қолжетімсіз шалғай аймақтарда да сенімді интернет байланысын ұсынады.
Биыл «Жолаушылар тасымалы» АҚ цифрландыру бағдарламасы аясында тағы бірнеше бағытта интернетті енгізуді жалғастырып жатыр. Пилоттық режимде №67/68 Астана-Өскемен және №3/4 Астана-Алматы бағытындағы Talgo пойыздарында төмен орбиталы спутниктік интернет іске қосылды. Бүгінге дейін осы үш бағытта 100 мыңнан астам жолаушы интернет қызметін пайдаланған.





