Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыста делдал болып табылмайтынын және өзін олай санамайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақорда баспасөз қызметі атап өткендей, Президенттің пікірінше, қос тарап барлық даулы мәселелерді екіжақты негізде және әртүрлі деңгейлерде диалог арқылы шешуге қабілетті.
– Әрдайым «Украина дағдарысы» өте жоғары деңгейде күрделі және оны оңтайландыру мүмкін емес деп санап, мұны көп алдында айтып келемін. Соғыс қимылдары жалғасқан сайын көптеген мәселелер туындауда: территориялық, тарихи, ұлттық, тілдік және, әрине, саяси. Иә, территориялық мәселе қазір ең маңыздысы әрі қиыны, бірақ тарихи тақырыптағы (Киев Русі, «территорияны сыйға тарту», украин мемлекеттілігі және т.б.) қосарлас жүріп жатқан талқыларға байланысты оның практикалық шешімін келіссөздер үстелінде қарау әзірге мүмкін емес. Оның үстіне бұл ретте әртүрлі, соның ішінде ерекше және тіпті экзотикалық пікірлер де айтылып қалуда, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол келіссөздерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
– Егер Ресей мен Украина көшбасшыларының Қазақстанға келгісі келетін ниеті болса, онда біз келіссөздерді сәтті өткізу үшін барлық қажетті қызметтерді ұсынамыз. Бірақ ең бастысы: жоғары деңгейдегі кездесулер дипломаттар мен басқа да қызметтермен сараптамалық деңгейде мұқият дайындалады. Бұл – аксиома, – деп есептейді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, соғыс қимылдары жалғасып, күн тәртібіндегі басты мәселелер бойынша бір тоқтамға келу мүмкін болмай тұрғанда оңтайлы нәтиже шығады деп үміттену – ақылға қонымсыз тәсіл.
– Қорытындылай келе, мен мынаны нақты айта аламын: біз Украина мен Ресей арасында тікелей келіссөздердің басталуын қолдаймыз, бірақ өзара түсіністікке жету үшін алдын ала жұмыс жүргізілуі қажет. Делдал болмай-ақ, Қазақстан, егер қажеттілік туындаса, барлық деңгейдегі келіссөздер мен кездесулер орны ретінде «игі қызмет» көрсетуге дайын, – деп сөзін түйіндеді Тоқаев.
2025 жылғы 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстанда кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Кейінірек Кремль Зеленскийдің бұл ұсынысына қатысты жауап берді.





