Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Президент жер қойнауын игерушілер табысының 1 пайызын ғылымды дамытуға бөліп отырғанына назар аударды.
«Бұл – салық емес, еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға қосқан үлес деп түсіну керек. Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше көңіл бөлу қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Институттың әлеуеті жоғары, жаңа ғылыми қалашықты осы мекеменің негізінде де құруға болады. Бірақ мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Бұл – осыған ұқсас бастамаларға да қатысты», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Абай облысында атом электр станциясын салу жоспарларымен байланысты түрде Курчатовтағы ғылыми қалашықтың нақты жоспарын әзірлеу аса маңызды. Бұл іске Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық атсалысуы тиіс.
«Онда инженерлік және ө ндірістік нысандарды орналастыруға жағдай жасалуы қажет. Сондай-ақ ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестіктің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті тұр», – деді Президент.
Мемлекет басшысы тағы бір маңызды бағыт ретінде ядролық медицинаны атады.
«Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін едәуір арттыруға болады. Бұл, әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеп, қолданысқа енгізуді қамтамасыз ету. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





