Ас атасы – нан. Сондықтан наубайхана ісін кәсіп ретінде пайдаланған кез келген адамның ісі ілгерілемесе кемімейді. Осыны түсінген қарашоқылық ерлі-зайыпты кәсіпкер Асхат Мәлімбаев пен Сымбат Нұрбопаева «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен 8 миллион теңге несие алып, табысқа кенеліп, шағын ғана тандырымен бүтін ауылды нанмен қамтамасыз етіп отыр.
Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылдағы наубайхананың жұмыс істемей тұрғанына бірнеше жыл болған. Қаңыраған бос ғимаратқа жан бітіруді қолға алған ауыл әкімі Дина Ақбасова жергілікті кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл істі біржақты етіп шешеді. Осылайша, «Ауылым – алтын бесігім» ұстанымын берік ұстанған кәсіпкерлер ескі ғимаратқа құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі күніне 250 дана бөлке пісіріп, көптің алғысын арқалауда.
Жұмыстың басы-қасында жүріп, істің берекелі болуын тікелей қадағалап отырған Нұргүл Нұрбопаева әр жұма сайын ауыл тұрғындарына 21 бөлке нанды тегін беретіндерін айтады.
– Алматы қаласында кәсіп жүргізіп жүрген күйеубалам мен қызымның ісі алға бассын деп қол ұшын беріп жүрмін. Кәсіпкер нәсіпті болу үшін адал әрі тынымсыз еңбек керек. Ауылымыздың өркендеуіне атсалысып жатқан балаларымның «Ауылдастар жұмыссыз отырмасын. Елдің ертеңі жарқын болсын десек ең бірінші ауылды дамыту керек» деген арман-мақсаттары іске асып келеді. Өздері Алматы қаласында жүрсе де ауылдың тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырған емес. Есесіне ауыл халқы дән риза. Қазір наубайханамызда 3 адам еңбек етеді. Нанның он шақты түрін пісіреміз. Тапсырысқа тәтті тоқаштар, самса да жасаймыз. Ұнды Алматыдан беріп жібереді. «Пионер» ұнының 1, 2 сортын қолданамыз. Күніне 250 нанды көршілес Рудник – Арқарлы, Сарыбастау ауылдарына да жеткіземіз. Бөлке нанның бағасы 170 теңге болса, тандыр нан, сайка 180 теңгеден. Біз үнемі қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмаймыз. Ораза, айт мерекелерінде біркүндік нанды халыққа тегін таратамыз, – дейді.
Кәсібінің игілігін көріп отырған кәсіпкер әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта цех аумағын кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті.
Кәсіпкерлер цехқа пеш, қажетті құрал-жабдық сатып алып, кәсібін дөңгелентуде. Наубайханада 3 жылдан бері тынбай еңбек етіп жүрген ауыл тұрғыны Бақтыгүл Болатбаева ақ адал кәсіппен нан тауып жүргеніне дән риза.
– Жолдасым екеуміз тауда мал бақтық. Кейін ауылға көшіп келген соң наубайхана ашылып, жұмысқа орналастым. Әр нанның иісі бұрқырап, көтеріліп піскен сайын көңілім жайланып, қуанамын. Себебі бұл үлкен жауапкершілік. Әсіресе, көпшілікке жасайтын нан болған соң асқан дайындық қажет. Қазір технология дамыған заман, нан илейтін арнайы құрылғымызға дейін бар. Десек те «Біссіміләсіз» іс бастамайтындықтан нан илегішке қоспаларды салғаннан жақсы тілек айтып бастаймын. «Қазағымның ақ дастарқанынан нан үзілмесе екен» деген аналық тілегім қабыл болуы үшін бар махаббатымды арнаймын. Бұл бір ауыз тілекті айтпай қалсам, іс берекелі болмайтындай көрінеді, – дейді наубай.
Қарашоқы ауылында тындырымды тірлік көп. Ауыл халқының негізгі еңбек көзі – мал және егін шаруашылығы. Енді, міне, шағын кәсіптің керегесі де кеңейіп келеді. Оған кейіпкеріміздің еткен еңбегі дәлел.
Еңлік кенеБАЙ,
Қарашоқы ауылы,
Кербұлақ ауданы





