Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз Жолдауында, ресми баяндамаларында еліміздің даму бағытын айқындайтын басты қағидаттардың бірі ретінде заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуын атап көрсетуде. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде құқықтық мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында жүйелі реформалар жүзеге асуда.
«Заң үстемдігі болмаса, ешқандай реформа нәтижелі болмайды» деген Мемлекет басшысының сөзі мемлекеттік органдар қызметіне қойылатын басты талапқа айналды.
Қоғамды іштей әлсірететін күрделі мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Президент бұл дертті ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар аса қауіпті құбылыс деп бағалап, оған қарсы күресті басты міндеттердің қатарына қойды. Соңғы жылдары осы бағытта заңнамалар қатаңдатылып, жауапкершілік күшейтілді. Ашықтық пен есептілік қағидалары енгізіліп, мемлекеттік сатып алулар, кадрлық тағайындаулар мен бюджетті пайдалану ісінде айқын өзгерістер байқалуда.
Президент атап өткендей, әрбір азамат заңды құрметтеп, өз міндеттерін терең түсінгенде ғана әділетті қоғам орнайды. «Күшті – Мемлекет, ықпалды қоғам, әділетті Қазақстан» қағидасы – жаңа дәуірдегі дамудың басты бағдары. Бұл жолда мемлекеттік органдардың ғана емес, қарапайым халықтың да белсенділігі аса маңызды.
Мемлекеттік қызметте тазалық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Ашық үкімет», «Цифрлы Қазақстан» бастамалары қолға алынып, жемқорлықпен күрес жалғасып келеді. Ең бастысы – заң алдындағы жауапкершілік барлық азаматқа, соның ішінде лауазымды тұлғаларға да бірдей дәрежеде қолданылуы тиіс.
Д. ҚЫРҒАБАЕВ,
Ақсу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор





