Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы жиыны ұйымдастырылды. Кездесу адами капиталды жетілдіру және білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелеріне алғыс айтып, пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.
«Кеңес мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Олар арнайы осы жиынға қатысу үшін Астанаға келді. Бүгінгі кездесу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер» тақырыбына арналды. Білім мен ғылым – стратегиялық маңызы бар салалар. Сондықтан біз, ең алдымен, пікір алмасып, осы бағыттағы ойларды талқылаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Алғашқы отырысқа Қазақстан Үкіметінің басшысы, министрлер, АҚШ, Қытай және БАӘ-ден келген халықаралық сарапшылар, сондай-ақ әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен технологиялық компанияларының ғалымдары қатысты.
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен құрылған кеңесші-консультативтік орган болып саналады. Оның негізгі міндеті – ЖИ дамуының ұлттық стратегиясын айқындау, озық технологияларды мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларына енгізуді үйлестіру және стратегиялық құжаттарға ұсыныстар әзірлеу.
Кеңестің басым бағыттарына адами капиталды дамыту, жасанды интеллект шешімдерін тәжірибеге енгізу, халықаралық тәжірибе алмасу және ұлттық саясатқа ұсыныстар дайындау жатады. Сарапшылардың пікірінше, шетелдік мамандардың қатысуы озық халықаралық тәжірибелерді игеріп, оны отандық цифрлық инфрақұрылымға бейімдеуге жол ашады.
Еске салайық, бұған дейін елордада ЖИ саясатын үйлестіретін жаңа кеңестің жұмысы басталғаны хабарланған болатын.





