Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында әлемдегі бұл саланың даму үрдістеріне тоқталып, ЖИ-дің стратегиялық маңызын атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, әлемнің жетекші мемлекеттері жасанды интеллектіні XXI ғасырдың басты стратегиялық ресурсы ретінде мойындап, оның дамуына қомақты қаржы бөліп отыр. Бұл ретте Қытайда арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып, жасанды интеллектіні ғылымға, экономикаға және әлеуметтік салаға кешенді түрде енгізу көзделген. Ал АҚШ осы бағытта жаһандық көшбасшылықты қамтамасыз ететін ұлттық стратегиясын іске асырып келеді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесіне тоқталып, бұл елдің жасанды интеллектіні мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
«Бұл мысалдар жаңа жаһандық парадигманы айқын көрсетіп отыр: жасанды интеллект – технологиялық даму мен бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды. Мұнда сөз өңірлік немесе жаһандық көшбасшылық туралы емес, елімізді озық, өркениетті қоғамға айналдыру жайында болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану Қазақстанның білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамның рухани тұтастығына мән беру қажеттігін де еске салды.
Осылайша, Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге тек технологиялық құрал ретінде емес, елдің стратегиялық дамуы мен өркениеттік бағытын айқындайтын маңызды фактор ретінде қарау қажеттігін баса айтты.





