1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Текелі қаласындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл күн – бір сәтке болса да жалғызілікті қарттарға қуаныш сыйлап, олардың жүрегін жылытып, қоғамның құрметі мен ізетінің белгісін көрсететін айтулы мейрам.
Салтанатты жиында сөз алған орталық директоры Эльмира Маджитова жүрекжарды лебізін білдіріп:
– Сіздер қашан да барлық құрметке, жылу-мейірімге лайықсыздар. Бақ-береке, мықты денсаулық тілеймін, – деді.
Шара «Шырайлым» би тобының «Шашу» биімен басталып, әсем әндермен жалғасты. Ән мен күй, би мен жыр қарттардың көңілін көтеріп, жиналғандардың жүзіне шаттықтың нұрын шашты.
Айта кетейік, қазіргі таңда бұл шаңырақта 300-ден аса ақсақал мен әжелер тұрады. Орталық тек жайлы орыннан бөлек, қарттарды баладай әлдилеп, аялап отырған мейірім ордасы десек артық айтқандық емес. Мұнда түрлі маман еңбек етеді. Солардың бірі – әлеуметтік нысанның кадр жөніндегі инспекторы Ұлжан Ботбаева. Оның айтуынша, орталықтағы негізгі мақсат – тек күтім жасау ғана емес, қарттардың жан дүниесін түсіну, өмірге деген құштарлығын арттыру. Сол үшін де осындай кештер жиі өткізіліп, психологтар да қолдау көрсетіп отырады. Сонымен қатар, қарттарға күніне бес уақыт тамақ беріліп, барлық қажетті жағдай қарастырылған.
Орталық тұрғындарының бірі Рахита Шуақбаева өзінің ризашылығын жеткізді:
– 2017 жылдан бері осы нысанда тұрамын. Барлық жағдай жасалған. Тағдырдың тауқыметін тартқандарға пана болған бұл мекен біз үшін үлкен демеу. Ал бүгінгі құттықтаулар, жылы сөздер бізді ерекше қуантты, алғысымыз шексіз, – дейді.
Қазыналы қарттар мерекесі бір күндік қуаныштан бөлек, ұрпаққа өнеге болып отырған абзал жандарды ардақтап, құрметтеу. «Шапағат» орталығындағы салтанатты шара – соның жарқын көрінісі.
Санжар Сұлтанғазы





