Әлемдегі ең бай адамның байлығы триллионға жақындап қалды. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, америкалық кәсіпкер Илон Маск жаңа тарихи межеге жетті.
Forbes Real-Time Billionaires дерегінше, Tesla мен SpaceX негізін қалаушысының байлығы алғаш рет 500 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткішке ол АҚШ-тың Шығыс жағалауы уақыты бойынша 1 қазан күні сағат 15:30-да жеткен.
Осы жаңалық аясында Tesla акциялары шамамен 4 пайызға қымбаттап, Масктың капиталына қосымша 9,3 миллиард доллар әкелді.
Форбстың әлемдегі ең бай адамдар рейтингінде Маск алғаш рет 2021 жылы көш бастаған еді. Ол кезде оның байлығы 271,3 млрд доллар болып, Amazon негізін қалаушы Джефф Безосты басып озған. Содан бері кәсіпкер бірнеше рет бірінші орнын беріп, қайта қайтарып алған.
Алдыңғы рекордын ол 2024 жылдың желтоқсанында орнатқан — сол кезде әлемде ең бірінші болып 400 миллиард долларлық шекке жеткен. Сарапшылардың болжамынша, қазіргі қарқынын сақтаса, Маск 2033 жылға қарай тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін.





