«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 3 қазан күні Қазақстанның бірқатар аймағында ауа райы күрт құбылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында түнде 1–3 градусқа дейін аяз болады. Түркістан мен Жамбыл облыстарында желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді. Кей өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жауын-шашын қарға ұласып, кей жерлерде қалың қар жауады. Өскемен мен Семей қалаларында да жаңбыр түнде қарға айналмақ. Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, жел күшейеді.
Атырау, Ұлытау және Маңғыстау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталуда.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға және жолда абай болуға шақырады.





