Қаратал тарихи-өлкетану музейі мен Қаратал аудандық орталық кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен ақын Назар Қалиұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Өлең – саған ғашықпын» атты қаламгерді еске алу кеші өтті.
Танымдық кеште сөз алған ҚР мәдениет қайраткері, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, қаламгер Жексенбек Сұлтанбеков Назар Қалиұлының адамгершілік болмысына, ақындық қарым-қабілеті мен шығармашылық өміріне тоқталып, жылы естеліктермен бөлісті.
Осыдан кейін кітапханашы Бибігүл Әбенқызы Назар Қалиұлының «Көңіл-керуен», «Өлең – саған ғашықпын» атты кітаптарына библиографиялық шолу жасады. Кеш барысында музей қызметкері Лида Жанбота арнау өлеңін, М.Горький атындағы орта мектебінің оқушылары ақынның рухты жырларын нақышына келтіріп оқыды. Шарада әкеге деген сағынышын қызы, Жібек Қадырбаева жып-жылы естеліктер арқылы жеткізіп, балалыққа бір оралды.
Шара соңында қатысушыларға музейге экскурсия ұйымдастырылды.
Өз тілшіміз





