Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мұғалімдерді артық міндеттер мен қысымнан қорғауға, қағазбастылықты азайтуға бағытталғанын айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту», – деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аймағанбетовтің айтуынша, жаңа нормалар аясында мұғалімдер бірдей деректерді бірнеше жүйеге қатар енгізуден босатылады.
«Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Бір жүйеге енгізілген дерек басқа платформаларда қайталанбауға тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен чаттар бойынша да жаңа талаптар енгізілді. Енді мұғалімдерді парақша жүргізуге немесе сабақтан фото, видео жариялауға мәжбүрлеуге болмайды.
«Бұл – тек ерікті түрде. Мұғалім тәулік бойы чаттарда отыратын модератор емес», – деп атап өтті депутат.
Жаңа заң жобасында педагогтың жауапкершілік шекарасы да нақты белгіленді. Мұғалім енді оқушылардың мектептен тыс әрекеттері үшін жауап бермейді.
«Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес», – деді Аймағанбетов.
Бұдан бөлек, мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейтіледі.
«Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Ата-аналар да жауапкершілікті бөлісуге міндетті болады», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, заң жобасы педагогтарды физикалық және психологиялық қысымнан қорғау тетіктерін күшейтуді және мұғалім мәртебесін бұзғандарға салынатын айыппұлды арттыруды көздейді.
«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Мұғалімдерді барлық қысымнан қорғаудың нақты механизмдері енгізіледі», – деп қорытындылады Мәжіліс депутаты.





