Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөз сөйлеп, экология, жасанды интеллект және цифрлық трансформация салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл салада Қазақстан ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
– «Жақында Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік, соның ішінде ресейлік компаниялармен серіктесе отырып, отандық әзірлемелердің экожүйесін қалыптастыруға бағытталған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстанда:
- Ұлттық суперкомпьютер іске қосылды;
- Екінші суперкомпьютерді іске қосу жұмысы жүргізілуде;
- 400 мыңнан астам студентті қамтитын мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр;
- Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жоспары қолға алынған.
– «Біз тәжірибе алмасуға, тағылымдамалар өткізуге, зерттеу жобалары мен бірлескен бастамаларға қатысуға дайынбыз. Ресеймен бұл салада ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия мен Ресей аймағы бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы күрделі жағдайды еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
– «Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ерекше назарды Каспий теңізі мен трансшекаралық өзендердің жағдайына аударды. Бұл – өңірлік тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздік үшін шешуші мәнге ие.
– «Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру ықпал етеді», – деді Тоқаев.
Президент су қауіпсіздігіне қатысты да алаңдаушылық білдіріп, осы салада озық технологияларды қолдануды ұсынды.
– «Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктері арқылы ғарыштық мониторинг жүргізу қажет. Бұл бағытта бірлескен бағдарлама әзірлеп, іске қосуды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.





