Қазан айының басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2025 жылдың қазан айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар сегіз тағам түрінің бағасы төмендеген. Алты тауар бойынша баға тұрақты деңгейде сақталып отыр. 30 қыркүйек пен 7 қазан аралығындағы аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0% деңгейінде болды.
Атап айтқанда, пияз – 2,6%-ға, сәбіз – 1,7%-ға, қырыққабат – 1%-ға, картоп – 0,8%-ға, күнбағыс майы мен қант – 0,3%-ға, ұн мен күріш – 0,1%-ға арзандаған.
Нан, рожки, тауық еті, айран және тұз бағасы өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар, бір апта ішінде кейбір өнімдер қымбаттаған: қарақұмық жармасы – 0,7%-ға, сиыр еті – 0,4%-ға, сары май мен жұмыртқа – 0,3%-ға, сүт пен сүзбе – 0,1%-ға өскен.
Өңірлік комиссиялар баға түзілу тізбегіндегі тиімсіз және негізсіз делдалдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың басынан бері 797 отырыс өтіп, нәтижесінде негізсіз баға үстемелері анықталған. Аумақтық департаменттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесінің сақталуын қадағалауды жалғастырып келеді. Биыл осы талапты бұзғандарға қатысты 2 293 әкімшілік қаулы шығарылған.
Сонымен бірге, 9 890-нан астам электронды шот-фактура талданып, оның 886-сында заңнаманы бұзу қаупі анықталған. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Қазіргі уақытта ел аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері белсенді өтіп жатыр. Сонымен қатар, «Береке Fest» жобасы іске қосылған. Бұл бастама аясында сауда желілері әлеуметтік жауапкершілік танытып, арнайы сөрелер ұйымдастырды. Агрофирмалар ет және әлеуметтік маңызы бар өнімдерді тікелей жеткізу жүйесіне қатысып отыр. Жобаға 80 сауда желісі тартылған.
Республика күнін мерекелеу аясында Сауда және интеграция министрлігі ірі сауда және онлайн платформалармен келіссөздер жүргізіп, жеңілдіктер акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Акция азық-түлік және тұрмыстық тауарлардың кең ауқымын қамтиды.
Төртінші тоқсанда сенбі, жексенбі және мереке күндері 1 700 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Отандық өндірушілерге жәрмеңкелерде сауда жасау үшін орындар тегін ұсынылады.





