Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшелерімен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктесі саналатын Швейцариямен көпжылдық берік қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы 2021 жылы Швейцарияға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға берік негіз қалағанын айтты.
Швейцариялық депутаттар делегациясының Қазақстанға келуі – жан-жақты ықпалдастықты дамытуға екі тараптың да ниетті екенін көрсетеді. Кездесуде өзара түсіністікті нығайтып, ынтымақтастықты жандандыруда парламенттік дипломатияның маңызды рөлі атап өтілді, – деді Тоқаев.
Өз кезегінде «Швейцария – Қазақстан» парламенттік достық тобының үйлестірушісі Филиппо Ломбарди қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Швейцарияның серіктестік байланыстарды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Тараптар Астана мен Берн арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.





