Мәжілісте Қазақстанда жол апатынан зардап шеккендерге берілетін сақтандыру төлемін арттыру туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Биыл көлікке келген зақым үшін төлемнің ең жоғары сомасы 2 миллион 359 мың теңге болса, құжат мақұлданған жағдайда бұл сома екі есе көбейеді.
Бұл туралы 7-SU.KZ ақпараттық порталы хабарлайды.
Депутаттар көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Құжатқа сәйкес, апаттан жарақат алғандарға 1 миллион 179 мың теңгеге дейін, мүгедектік алғандарға 4-13 миллион теңге аралығында өтемақы төленуі мүмкін. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар жарақат алса – 8 миллион теңге, ал адам қаза тапқан жағдайда – 16 миллион теңге беріледі. Алайда сақтандыру компаниялары бұл ұсыныспен келіспей отыр.
«Сақтандыру компаниялары жыл сайынғы тарифті өткен жылғы шығын статистикасына қарай белгілейді. Біздің есебіміз бойынша, егер жол апатынан зардап шеккендерге төленетін өтемақы көлемі екі есе артса, жарна мөлшері де сол шамада қымбаттайды. Өйткені төлем ғана өссе, сақтандыру компанияларының шығыны да көбейеді. Сондықтан компаниялар төлем жасау үшін жеткілікті қаражат жинауы тиіс. Қазір орташа төлем мөлшері 650 мың теңге болса, жаңа өзгерістер енгізілсе, ол 1 миллион теңгеден асады», – деді сақтандыру компаниясының басқарма мүшесі Александр Тулешов.
Жаңа бастамаға қатысты қоғам пікірі де екіге бөлінді.
«Мен сақтандыру ақшасын көбейтумен келісемін, өйткені адамның өмірі – ең бастысы», «Ол дұрыс емес, біз салық және басқа да төлемдерді төлеп жатырмыз. Егер бұл тағы екі есе көбейсе, халыққа қиын болады», «Қолдаймын, бұл қаржылай қолдау ғой», «Қарсымын, өйткені кей адамдар жол апаты болмаса да төлеп жатады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын», – дейді қазақстандықтар.
Сонымен қатар көлікке келген залал үшін өтемақыны 4 миллион 718 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Алайда бұл – нақты шешім емес. Құжат Мәжіліс мінберінде әлі де талқыланбақ.





